Қарағандыда үздік жас айтыскерлер анықталды

Қарағандыда үздік жас айтыскерлер анықталды

Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде айтыс өтті, онда облысымыздың 12 жас ақыны өзара бақ сынасты.

Шығармашылық байқаудың негізгі тақырыптары – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына арналды.

Қазақстанның мәдениет қайраткері Қойлыбай Асанов басқарған қазылар алқасы Нұра ауданының ақыны Жандос Бақытқа бас жүлде берді. Бірінші орынды қарағандылық Әлихан Нығметолла иеленді. Екінші орын – Жаңаарқа ауданынан Сырым Бейсенбеков, үшіншісі – Теміртау қаласының әншісі Еркеғали Бекболатқа тиді.

Іс-шараны Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ және «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі «Қазақтану» жобасы аясында ұйымдастырды.

Сондай-ақ, Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Қасымтану» зерттеу орталығында Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Ей, тәкәппар дүние! Маған да бір қарашы» атты көрме ашты. Онда «Қасымтану» Орталығының ғалымдары жинаған жарияланбаған шығармалар мен ақын туралы мәліметтер ұсынылған.

Осы жылдың ақпан айында Орталық қызметкерлері Қасым Аманжоловтың суреттерін жинау үшін Алматы және Орал қалаларына экспедицияға барғанын атап өткен жөн. Ақынның қызы Дариға әкесінің шамамен 25 беттік мәтіннен құралған қолжазбасын сақтағаны белгілі болды. Ондағы шығармалар бұрын жарияланбаған. Университет олардың бір бөлігін жариялады және көрмеге ұсынды. Жақын арада толық кітаптың тұсаукесері өтеді.