Жезқазған өңірінде заманауи жылыжай, құс фабрикасы, мал сою цехы салынып, жаңа мал шаруашылық фермасы құрылатын болады. Әлеуметтік жобаларды іске асыру өңірдің азық-түлік нарығын жергілікті ет және көкөніс өнімдерімен қанықтыруға мүмкіндік береді.
Жаңа нысандардың құрылысы есебінен 600-ден астам жұмыс орны ашылмақ.
Қарағанды облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен онлайн-брифингте Жезқазған өңіріндегі ауыл шаруашылығы саласындағы алдағы 5 жылға іске асырылуы жоспарланған жаңа жобалар туралы айтып берді.
– Жезқазғанда 530 жұмыс орнын құратын екі жоба жүзеге асырылады. Бұл құс фабрикасының құрылысы. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына мың тоннаға дейін құс етін өндіруд көздейді, – деді Асқар Санаубаров. – Қуаттылығы жылына 60 мың тоннаға дейін көкөніс өсіруге арналған жылыжай шаруашылығын салу жоспарланған.
Сәтбаев қаласында 660 тонна көкөніс сақтайтын жылыжай мен құс етін өңдейтін сою цехы салынады. Цехта жылына 5 мың тоннаға дейін ет өңдеу жоспарланған. Барлығы 55 жаңа жұмыс орны ашылады.
– Ұлытау ауданында мал шаруашылығы саласында үш әлеуметтік жоба жүзеге асырылады. Бұл 23 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ауданда екі мал және бір жем-шөп базасы пайда болады, – деді Асқар Санаубаров.