Қарағандылық оқушы Халықаралық математикалық олимпиаданың жүлдегері атанды

Қарағандылық оқушы Халықаралық математикалық олимпиаданың жүлдегері атанды

Қарағанды қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Рахым Баймурзин 62-ші Халықаралық математикалық олимпиаданың (IMO) қола медалін жеңіп алды.

Биылғы жылы жас математиктердің жарыстары қашықтықтан өтті. Олимпиадаға әлемнің 107 елінен 600-ден астам оқушы қатысты.

Қарағандылық Рахым Баймурзин алты адамнан тұратын қазақстандық командаға енді. Құрама алты медальға ие болды: бір алтын, үш күміс және екі қола.

– Тапсырмалар күрделі болды. Нәтижесі қанағаттандырды. IMO-да 2022 жылы өнер көрсетіп, өз деңгейімді көтере аламын деп үміттенемін, – дейді Рахым Баймурзин.

Жас математиктің көптеген жетістіктері бар. Ол XVII Халықаралық Жәутіков және Халықаралық Азия-Тынық мұхит математикалық олимпиадаларының күміс жүлдегері, "Жібек жолы" Халықаралық математикалық олимпиадасының қола жүлдегері болып табылады. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің желілік олимпиадасында және жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада екінші болды.