Қарағанды облысында Құрбан айт мерекесі қалай өтеді

Қарағанды облысында Құрбан айт мерекесі қалай өтеді

20–22 шілдеде мұсылмандардың басты мерекелерінің бірі – Құрбан айт атап өтіледі. Құрбандық шалу рәсімі қалай өтетінін брифингте Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ Бекқожа айтып берді.

– Биыл құрбандықтар qurban2021.kz жалпы республикалық сайт арқылы онлайн түрде жасалады. Сайт қазірден іске қосылған. 17 шілдеден бастап тапсырыстарды қабылдау басталады. Сондай-ақ айт намазы жүргізілмейді. Өткен жылы да солай болды, – деп атап өтті Өмірзақ Бекқожа.

Құрбандық шалғысы келетіндердің бәрі сайтта өз аймағын таңдайды, содан кейін малдың құнын қосымша арқылы төлейді. Өңірлерде WhatsApp нөмірлері жұмыс істейді, онда тапсырыс берушілер етті кімге бергісі келетінін көрсетеді. Барлық құрбандық еті мұқтаж адамдарға беріледі. Тапсырыс берушілерге олардың қалауы бойынша бейне – және фотоесеп ұсынылады.

Сондай-ақ құрбандық шалуды офлайн жасау мүмкіндігі бар. Ол үшін облыстың қалалары мен аудандарында арнайы орындар бекітілді.

Қарағандыда мал соятын үш пункт бар:

- "Арай.кз", Гоголь к-сі, 2/23;

- ЖК "Абишев", Резник к-сі, 18;

- "Хасенов" ШҚ, С. Сейфуллин к-сі, 53.

– Мұнда санитарлық нормалар сақталады және ветеринарлық қызметтің рұқсаты бар. Бірақ бұл жерлерде адамдар көп жиналуға жол берілмейді. Қалада мал сатуға тек арнайы жабдықталған "Арай.кз" алаңында ғана рұқсат етілген. Аулаларда немесе көліктерде сатуға тыйым салынады. Фермерлерді осыны ескеруге шақырамыз. Сондай-ақ, біз фермерлермен келісімге қол қойдық, оған сәйкес олар белгілі бір бағадан аспауы керек. Облыста Құрбан айтқа келесі баға бекітілді: қой – 75 мың теңге, ешкі – 55 мың теңге және ірі қара – 420 мың теңге, – дейді спикер.

Өмірзақ Бекқожаның айтуынша, мешітке Құрбан айт мерекесіне көмек алуға өтініштер келіп түсуде. Мұқтаждар тізімі жасалғаннан кейін еріктілер мереке күндері ет пен азық-түлік жиынтықтарын тасымалдайды. Өткен жылы осындай көмекті 3 689 мұқтаж отбасы алды.

Сондай-ақ, мұқтаж адамдарға qurban2021 сайты арқылы құрбандық етіне өтініш беру мүмкіндігі бар.

Құрбан айт мерекесі және құрбандық шалу туралы қосымша ақпаратты облыс тұрғындары (8-7212) 77-17-47 және 8-702-403-99-50 (WhatsApp) телефондары арқылы ала алады.