Қарағанды облысында бес жыл ішінде өңірді дамыту қорытындысы шығарылды

Қарағанды облысында бес жыл ішінде өңірді дамыту қорытындысы шығарылды

Қарағанды облысында бес жыл ішінде экономика көлемі екі есеге артты. Кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде өсім байқалады. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашады – 2020 жылы 30 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды.

Қарағанды облысының 2016–2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының орындалуы туралы есепті облыстық мәслихат депутаттары онлайн режимінде өткен кезекті IV сессияда қабылдады.

– 2016–2020 жылдары Қарағанды облысын дамыту бағдарламасының іс-шараларын іске асыру өңірдің үдемелі әлеуметтік-экономикалық дамуын, көлік, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жетілдіруді, тұрғын үймен және әлеуметтік сала нысандарымен қамтамасыз ету бойынша бірқатар проблемаларды шешуді қамтамасыз етті. Жан басына шаққандағы ЖӨӨ 5 жыл ішінде 2,7 млн теңгеден бір адамға 4,5 млн теңгеге дейін – 68,3%-ға өсті. Жергілікті бюджетке салықтық және салықтық емес түсімдердің өсу қарқыны 19,3%-ға артты, – деп баяндады экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.

Бес жыл ішінде негізгі капиталға салынған инвестициялар екі есе өсті. Тұрғын үй құрылысы да ұлғайды. Бүгінде облыста 90 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді – 2016 жылмен салыстырғанда ол 13,6%-ға артық. Жұмыссыздық деңгейі 5%-дан 4,6%-ға дейін төмендеді.

Тексеру комиссиясының төрағасы Аян Әбдікәрімов те өңірдің дамуына талдау жасады. Бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі Юлия Бадина сөз сөйледі. Олар өздерінің ескертулерін айтып, бюджет ақшасын пайдалану тиімділігінің мониторингін күшейтуді ұсынды.

Жалпы, депутаттар бағдарламаның іске асырылуын мақұлдады.

– Бірқатар жағымсыз факторларға қарамастан, өткен бес жыл ішінде оң нәтижелер қамтамасыз етілді. Экономиканың жыл сайынғы өсуіне қол жеткізілді. Өткен жылы ғана оның көлемі 6,2 трлн теңгеден асты – 2015 жылмен салыстырғанда аталмыш көрсеткіш екі есе көп, бұл жыл сайынғы жұмыс орындарын құруды 2016 жылғы 12 мыңнан 2020 жылы 30 мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді, тау-кен өндіру өнеркәсібінің көлемі 24,4%-ға, өңдеу өнеркәсібі 15%-ға ұлғайды. Соңғы 5 жылда ЖӨӨ құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесі 4,3%-ға өсті, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы инфрақұрылымды дамыту туралы айтып берді. Өткен жылы 2 мың шақырым жол жөнделді. Қалалар мен ауылдарда 378 шақырым су құбыры және кәріз желілері салынды. Жұмыспен қамтудың жол картасы және "Ауыл – Ел бесігі" жобасы бойынша 421 аула абаттандырылып, 223 білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары жөнделді.

Депутаттар сондай-ақ 2020 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуын бекітті.

– Біз жарияланған төтенше жағдай мен пандемия жағдайында жұмыс істедік. Дағдарысқа қарсы шараларды уақтылы жүзеге асыру үшін бюджетті бірнеше рет нақтылап, түзетуге тура келді. Біз азаматтарымызды қолдау және денсаулық сақтауды күшейту үшін күрделі уақыттың сын – қатерлеріне жедел ден қоя алдық, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.