Halyk Bank клиенттеріне енді қаржылық қызметтерді алу кезінде жеке басын куәландыратын қағаз құжаттарды ұсынудың қажеті жоқ. eGov Mobile қосымшасындағы "цифрлық құжаттар" сервисінің арқасында осындай мүмкіндің пайда болып отыр. Жобаны ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ және Halyk Bank бірлесе іске асырды.
Енді банкте қызметтерді алу кезінде eGov Mobile-да алынған цифрлық жеке куәліктің бірегей кодын жазу жеткілікті болады. Клиентті сәйкестендірудің бұл тетігі жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және үшінші тұлғалар тарапынан ықтимал алаяқтық әрекеттерді болдырмайды.
Бірегей кодты алу үшін сізге келесідей әрекеттерді жасау қажет:
- eGov Mobile қосымшасында авторизациядан өту;
- "сервистер" бөліміндегі "цифрлық құжаттарға" өту;
- жеке куәлікті таңдау;
- құжатқа қолжетімділікті ашу;
- менеджерге экранда көрсетілген қысқа кодты жазып беру.
Код автоматты түрде жасалады және ешқашан қайталанбайды.
Қазіргі уақытта сервисте 15 құжат қолжетімді: ҚР азаматының жеке куәлігі, некені тіркеу немесе бұзу туралы куәлік, баланың туу туралы куәлігі, тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы куәлік, жүргізуші куәлігі, техпаспорт, көлік құралын тіркеу туралы куәлік, білімі туралы диплом, зейнеткер куәлігі, Қандас куәлігі, студенттік билет, ПТР-тест нәтижелері, вакцинация паспорты және әлеуметтік ID.
Сондай-ақ, қазақстандықтар цифрлық құжаттард Kaspi.kz, ХҚКО-да және нотариустарда қолдана алады.
Цифрлық жеке куәлікті ұсына отырып, әуежайда және поезға отырғызу кезінде тіркеуден өтуге болады.