Қарағандылық шебер Еуразиялық дизайнерлер одағының Халықаралық ретроспективті көрмесіне қатысты

Қарағандылық шебер Еуразиялық дизайнерлер одағының Халықаралық ретроспективті көрмесіне қатысты

Еуразиялық дизайнерлер одағының Халықаралық ретроспективті көрмесінің ашылуында Қарағанды суретшісі Евгения Шульцке ҚР премьер-министрінің орынбасары атынан алғыс хат, қолдан жасалған бірегей шапан және халықаралық маңызы бар диплом табыс етілді. Қазақстандық дизайнерлер үшін ауқымды шара елордада 25 маусымға дейін жалғасады. Оған кез-келген адам бара алады.

Көрменің басты мақсаты – қазақстандық дизайнерлер мен суретшілерді әлемдік нарыққа шығару, сондай-ақ, әлемдік қауымдастықта Қазақстанның салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін және көрікті жерлерін насихаттау. Қазақ халқының барлық мәдени сан алуандығы Евгения Шульцтің көптеген еңбектерінде көрініс тапқан. Оның киізден жасалған суреттері Қазақстаннан тыс жерлерде танымал. Сонымен қатар, суретші Қарағандыда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Шабыт» орталығында сәндік-қолданбалы өнер оқытушысы ретінде танымал.

Көрмеде Евгения Шульц бірнеше жұмыстарын ұсынды. Бұл қолмен өңделген жүннен жасалған «Ғасырлар даналығы» тақырыптық триптихі, оюларымен өрнектелген сүйектер, аң терісінен жасалған «Ұйқы аулаушы» этникалық панелі, «Жер Су», «Үйге қайтар жол» және «Мәңгілік махаббат әні» киіз суреттері.

– Қарағандылық суретшілердің жұмыстарын көрермендер қызығушылықпен қабылдады, – деп бөлісті Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі Евгения Шульц. – Менің суреттерімнің арасында көрермендерге көбіне «Жер Су» ұнады. Мен үшін бұл тарихи деректер мен заманауи көзқарастың қызықты синтезі. Маған бұл суретті жасауға «Суайчинники» белорус этномәдени бірлестігінің өкілдері көмектесті.

Евгения отандық дизайнерлердің шеберлігінің жоғары деңгейін атап өтті. Көрмеде бірегей зергерлік бұйымдар мен сүйек оюларын көруге болады. Қазақ ұлттық әуендерімен және көмеймен ән салумен кәсіби таңдалған музыкалық сүйемелдеумен этностық коллекциялардың ерекше дефилелері өтті.

– Дефилеге қатысушылардың костюмдері біздің еліміздің ежелгі дәуірден бергі тарихының бірнеше кезеңін бейнелегені маған өте ұнады, – дейді суретші. – Бірақ мен үшін күтпеген тосын сый Ералы Тоғжановтың алғыс хаты мен бисермен кестеленген барқыт шапанды табыстау болды. Бұл-маңғыстаулық шеберлердің ерекше туындысы. Мен өзім эксклюзивті киім жасаумен айналысамын, сондықтан сыйлықтың құндылығын бірден түсіндім. Шынымды айтсам, мен қатты қобалжыдым. Өрнектелген, қолмен кестеленген бұл бұйымды жасауға шебер кем дегенде жарты жыл уақытын жұмсайды.

Эмоционалды әсер алған Евгения «Қадам басқан адам ғана жолды бағындырады» деген қағидатын басшылыққа ала отырып, шығармашылықта жаңа жолдарды іздеуді жалғастырмақ.