Қарағандыда Қарақат Әбілдинаның музыка мектеп-студиясы ашылды

Қарағандыда Қарақат Әбілдинаның музыка мектеп-студиясы ашылды

Қарағандыда Қарақат Әбілдинаның музыка мектеп-студиясының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болмановтан басқа, облыс басшысының орынбасары Абзал Нүкенов қатысты.

Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығысында жас музыканттар үшін «Қарақат» мектеп-студиясы өз есігін ашты. Оқу орны ҚР Президентінің жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы аясында ашылды.

Студияға 4–12 және 12–16 жастағы балалар қабылданады. Мұнда олар фортепиано, домбыра, жетіген, қобыз және гитарада ойнауды үйренеді. Жас таланттар актерлік шеберлік, сольфеджио және хореография негіздерін үйренеді. Сондай-ақ, оларда тәжірибелі оқытушылардың жетекшілігімен вокалмен айналысуға мүмкіндік бар. Сабақтар аптасына үш рет өткізіледі.

– Мен Қарағандыда өз мектебімді ашқаныма қуаныштымын, себебі мен Жаңаарқа тумасымын. «Қарақат» студиясында оқитын балалар болашақта елімізді дәріптеп, эстрададан лайықты орын алатынына сенімдімін, – деп атап өтті мектептің негізін қалаушы Қарақат Әбілдина. – Оларға жарқын болашақ пен бақыт тілеймін!

«Қарақат» мектеп-студиясының жас тәрбиеленушілерін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов те құттықтады. Ол Сарыарқа әрдайым таланттарымен танымал болғанын атап өтті.

– Қарағанды өңірі әрдайым музыкалық дарынды адамдарға бай болды. Тарихқа көз жүгіртсек, Тәттімбет Қазанғапұлын, Күләш Байсейітованы, Жүсіпбек Елебековті, Қали Байжановты және басқаларды мысалға келтіре аламыз. Бүгін жарқын жұлдызымыз Қарақат Әбілдинаның мектеп-студиясын аша отырып, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың жан-жақты және шығармашылық дамуына зор көңіл бөлетінін, осындай бастамаларды қолдайтынын және балаларды оқытуға қаражат бөлетінін атап өткім келеді. Біз мектеп-студияның гүлденуіне тілектеспіз және мұнда оқитын балалар өмірде табысқа жетіп, Қазақстанның ғана емес, әлемдік деңгейдегі жұлдыздарға айналатынына сенімдіміз, – деді Абзал Нүкенов.

«Қарақат» мектеп-студиясының ашылу салтанаты жас музыканттар үшін ғана емес, олардың ата-аналары үшін де нағыз мерекеге айналды. Олар бұл күнді ұлдары мен қыздарынан артық тағатсыздана күткендерін айтады.

– Мен мұнда немерелерім Ұлжан мен Мағжанды ертіп келдім. Екеуі де ерте жастан музыкамен айналысады. Қарағандыда «Қарақат» студиясы ашылатынын білген кезде бірден өтініш бердік. Немерем Шымкентте өткен вокалдық байқауда Гран-при жеңіп алды, ал Мағжан немерем сол жерде бірінші орынға ие болды. Қарақат Әбілдинаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген балалармен өз білімімен бөлісіп жатқаны үшін алғысымызды білдіреміз, – деп атап өтті Қарлығаш Өтеулиева.

9 жасар Айару Қожабек Қарақат Әбілдина сияқты әнші болуды армандайды. Ал әзірше ол домбыра сыныбына жазылды.

– Үйде домбырада атам мен әкем ойнағанда, маған бұл қиын болып көрінетін. Мен де ойнауды үйренуді армандадым. Қазір мен домбыраны еркін меңгердім, бірақ әлі де болса көп нәрсені үйренуім керек, – деп бөлісті оқушы.