Қазақстан армиясы Қарағанды облысынан шақырылған сарбаздармен толықты

Қазақстан армиясы Қарағанды облысынан шақырылған сарбаздармен толықты

Қазақстан армиясы Қарағанды облысынан шақырылған сарбаздармен толықты. Өңірде көктемгі шақыру жалғасуда. Әскерге салтанатты шығарып салу Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Жеңіс Қасымбек келді.

Өңір басшысы әскерге шақырылушыларды мерекемен құттықтап, табысты қызмет атқаруды тіледі.

– Сіздер бүгін жаңа өмір бастап жатырсыздар. Сіздерді алда үлкен өзгерістер күтіп тұр: жаңа өмірлік тәжірибе мен рухани шынығу, нағыз ер адамның жұмысы – Отанды қорғау. Қиындықтар болады, бұл оңай болмайды, бірақ сіздер біздің аймақтың абыройы мен жеке абыройларыңызды түсірмеу үшін қолдан келгеннің барлығын жасауларыңыз керек. Сіздер тек туыстарыңыз бен жақындарыңыздың ғана емес, жалпы еліміздің тірегі және үміті болып табыласыздар. Елге қызмет етуге дайын болғандарыңыз үшін, Отанға адал болғандарыңыз үшін рахмет! – деп Жеңіс Қасымбек әскерге шақырылушыларға үндеу жолдады.

Бүгінде әскерге облыстың әр өңірінен 40 адам шақырылды. Олардың барлығы Ақтаудағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінде қызмет етеді.

– Қарағанды облысынан әскерге шақырылушылар Қазақстанның барлық өңірлерінде қызмет етеді. Бұл олардың әскери қызмет өткеру кезінде кез келген климаттық жағдайларға бейімделуіне, сондай-ақ кез келген тактикалық оқу-жаттығуда өз дағдыларын қолдана білуіне байланысты, – деді Қарағанды облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Рустам Жалбинов.

Әскерге шақырылушылардың жасы – 18-ден 27 жасқа дейін. Әскери қызмет бір жылға созылады. Көптеген адамдар үшін бұл өмірлік тәжірибе ғана емес, сонымен бірге физикалық және рухани шынығу.

– Өзім қызмет етуге шешім қабылдадым. Отбасымда әскери адамдар жоқ. Мен Балқаштанмын, жасым 23-те. Мен элиталық әскерлерге түскенімді мақтан тұтамын, – дейді Александр Башкатов.

Көктемгі шақыру 1 наурыздан басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Биыл әскерге барлығы 1 268 адам аттанады. Оларды ҚР ҰҚК Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне, Қорғаныс министрлігіне, Ұлттық ұланға, ТЖМ жібереді.