Қазақстандық колледждерде WorldSkills талаптары бойынша демонстрациялық емтихандар енгізіледі

Қазақстандық колледждерде WorldSkills талаптары бойынша демонстрациялық емтихандар енгізіледі

Қазақстанда бүкіл әлемге танымал WorldSkills қозғалысы белсенді дамуда. Республика бұл бағдарламаға 2014 жылы қосылып, WSI-нің 70-ші мүшесі болды. Қысқа уақыт ішінде қазақстандық студенттер әлемдік чемпионаттарда жақсы нәтижелерге қол жеткізді.

–  WorldSkills қозғалысына біз жетінші жыл қатысып келеміз. Осы уақыт ішінде Қазақстан 50-ші орыннан 14-ші орынға көтерілді, 2019 жылы біздің құрама жалпы командалық есепте 63 қатысушы ел арасында 14-ші орынға ие болды. Қазақстан бұл қозғалысты одан әрі жұмыс кадрларын даярлау саласындағы үздік тәжірибелердің бенчмаркингі үшін дамытатын болады. Атап айтқанда, біз WorldSkills стандарттарын оқу процесіне енгіземіз, колледждерде демонстрациялық емтихандарды өткіземіз және сарапшыларды оқыту және сертификаттау бойынша жұмысты ұйымдастырамыз, – деп атап өтті Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.

2020 жылы WorldSkills стандарттары бойынша демонстрациялық емтихан өткізу бойынша ұсынымдар әзірленді. Еліміздегі 36 колледжде демоэкзамен енгізу басталды. AgroSkills, Kazakhmys корпоративтік чемпионаты және басқалары сияқты бизнестің қатысуымен салалық бағыттар дамытылды.

Айта кетейік, WorldSkills – бұл жұмысшы мамандықтар бойынша кадрларды даярлау сапасын арттыруға және оларды жастар арасында танымал етуге бағытталған халықаралық қозғалыс.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша