Қарағандылық көкпаршылар Жоғары лигада!

Қарағандылық көкпаршылар Жоғары лигада!

Таразда ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен көкпардан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтті. Чемпионаттың бірінші лигасында Қарағанды облысының көкпар құрама командасы екінші орынға ие болып, жоғарғы құрамаға кірді. Біздің спортшылар осыған дейін мұндай нәтижеге қол жеткізбеген еді. 

Бұл жетістікке қол жеткізуде сауатты дайындық, толыққанды оқу-жаттығу жиындарын өткізу және команданың жауынгерлік көңіл-күйі маңызды рөл атқарды.

– Бүгінде Қазақстанда ұлттық спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлінуде. Біздің өңірде тек өткен жылы ғана ұлттық спорт түрлерінің қауымдастығы құрылды. Аз уақыт өтсе де, нәтижелер бар. Жалпы ұлттық спорт туралы айтатын болсақ, көкпар мен басқа да спорт түрлерін дамытуға тырысамыз, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов спорт басқармасында өткен баспасөз мәслихатында.

Қауымдасатық құрылған сәттен бастап көп жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, көкпаршылардың жаңа командасы құрылды. Сондай-ақ, ипподром құрылысы үшін жер телімі мәселесі шешілді. Оның пайда болуы ат спортының дамуына ықпал етеді. Қазір қауымдастық қазақша күрес және тоғызқұмалақ ойындарына ғимарат бөлу мәселесімен айналысуда. Оның президенті Нұрсерік Шәріповтің айтуынша, ендігі басты міндет – спортпен айналысу үшін қажетті жағдай жасау.

– Көкпар бойынша команданы дайындауға екі ай ғана уақыт кетті, ал егер біз ұзағырақ дайындалсақ, жоғары деңгейге шыға аламыз, – деп есептейді Нұрсерік Шәріпов.

– Мен көкпар ойнағаныма он жылдан асты. ҚР чемпионатының финалында Нұр-Сұлтан командасымен ойнаған кезде қиын болды. Біздің жылқылар олардың деңгейіне жете алмады. Біз болашақта оларды дайындап, жеңеміз деп үміттенеміз. Бізге мықты аттар мен жаттығу керек, – дейді көкпаршылар командасының капитаны Дархан Көрпебаев.

ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы Қарағанды облысы командасының ойынын жоғары бағалады. Біздің спортшылар қазақстандық көкпарға жаңа тыныс әкелгенін атап өтті.

– Алдағы уақытта табанды жұмыс істеп, жаңа мақсаттарға қол жеткізетін боламыз. Біз жоғары лигаға кірдік, бұл көп еңбек ету керек екенін білдіреді, – деді Қарағандының көкпар командасының бас бапкері Нұржан Шайхин.

Абзал Нүкенов, Нұрсерік Шәріпов және ҚСжАЕК басшысы Темірхан Абылаев спортшыларды Қазақстан чемпионатында тамаша өнер көрсетуімен құттықтап, жаттықтырушыларға, ойыншыларға және жылқы иелеріне алғыс хаттар, ал командаға – кубок табыс етті.