Қарағанды облысы әртістерінің командасы көкпардан республикалық турнирде үшінші орынға ие болды

Қарағанды облысы әртістерінің командасы көкпардан республикалық турнирде үшінші орынға ие болды

Қарағандылық әртістердің Qaraģandy тобы Тараз маңындағы «Бестөбе» ипподромында өткен көкпардан республикалық «Өнер көкпары» сайысында үшінші орын алды.

Бірінші кезеңде біздің көкпаршылар шымкенттік «Құлагер» командасымен жарысып, 2:1 есебімен ұтылды. Содан кейін жерлестеріміз Тараздан келген «Әулие ат»" командасымен бақ таластырып, алаң иелерін 3:1 есебімен жеңді. Үш голдың екеуін капитан Ерік Тезекбаев және бір голды Данияр Дүйсенбаев соқты.

Үшінші орын үшін күресте Qaraģandy 4:1 нәтижесімен алматылықтарды жеңді. Тағы да Ерік Тезекбаев (үш) пен Данияр Дүйсенбаев (бір) гол соқты.

Естеріңізге сала кетейік, көкпардан әртістер арасында турнир алғаш рет өткізілді. Жарысты ұйымдастырушы - Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы. Жоба үйлестірушісі – Досымжан Таңатаров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дарынды жастар мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Турнирге Қарағанды, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының танымал адамдары қатысты. Қатысушылар арасында композитор Бауыржан Есебаев, актер Мадияр Серікбаев, кино жұлдызы Тәуекел Мүсілім, «Қазақстан Дауысы» жобасының жеңімпазы Шахризат Сейдахмет, әншілер Бағлан Әбдірайымов, Серік Ибрагимов және т. б. болды.

Көкпардан республикалық турнир Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналды.