Бұқар Жырау ауданының Қушоқы кентінде өмірлік қиын жағдайға тап болған тұлғаларды қолдау орталығы жұмыс істей бастады. Ол бес төсек-орынға арналған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының Дағдарыс орталығында 6 ай болуына мүмкіндігі бар.
Көмекке қиын өмірлік жағдайға тап болған немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер, кәмелетке толмаған аналар, сондай-ақ мүгедектігі бар немесе мүмкіндігі шектеулі балалары бар әйелдер жүгіне алады.
Орталықта тұру және демалу үшін ыңғайлы бөлмелер, күніне үш рет тамақтану ұйымдастырылған асхана бар. Ғимаратта медициналық кабинет жабдықталған. Бір сөзбен айтқанда, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдардың стационарлық әлеуметтік-психологиялық бейімделуі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.
Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысы әкімдігінде өткен тұрмыстық зорлық-зомбылық жөніндегі кеңесте өңір басшысы Жеңіс Қасымбек барлық қалалар мен аудандардың әкімдеріне жергілікті жерлерде дағдарыс орталықтарын ашуды тапсырған болатын.
Айта кету керек, облыс аудандары арасында бұл орталық бірінші болып іске қосылды.