Жыл басынан бері Қазақстанда 270 мыңға жуық адам өз мүлкін декларациялады

Жыл басынан бері Қазақстанда 270 мыңға жуық адам өз мүлкін декларациялады

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау басталды. Жыл басынан бері 269 510 адам өз мүлкін декларациялады. Бұл жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңіне қатысушылардың жалпы санының 56%-ы.

Кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру төрт кезеңге бөлінді.

Бірінші кезеңде декларациялар ұсынылады:

- жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары);

- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары);

- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары);

- "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" ҚР Конституциялық Заңына және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Бағалы қағаздар нарығы туралы" ҚР заңдарына сәйкес декларация тапсыру міндеті жүктелген тұлғалар.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап екінші кезең басталады. Декларацияларды мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және т.б. салаларды қоса алғанда) және олардың жұбайлары тапсыруы тиіс.

Үшінші кезеңде - 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары кірістерді декларациялайды.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың қалған санаттары кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыра бастайды.

Жеке тұлғалар жалпыға бірдей Декларациялау жүйесіне кірудің бірінші жылында активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны - 250.00-формасын ұсынуы тиіс. Содан кейін жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларация - 270.00 формасы толтырылады.

Декларациялауға не жатады:

- жылжымайтын мүлік;

- жер учаскелері және (немесе) жер үлестері;

- әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, "өзен-теңіз" жүзу кемелері;

- көлік құралдары, арнайы техника және (немесе) тіркемелер;

-барлық банк салымдары бойынша республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанында қолданылатын АЕК-тің 1000 еселенген мөлшерінен асатын сомадағы Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі шетелдік банктердегі банк шоттарындағы ақша.

Сондай-ақ ҚР-дағы және (немесе) одан тыс жерлердегі мүлік туралы мынадай деректерді көрсету қажет:

- тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлес;

- ҚР шегінен тыс құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі;

- бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары (орындалуы базалық активті сатып алу немесе өткізу жолымен жүргізілетін туынды қаржы құралдарын қоспағанда);

- инвестициялық алтын;

- зияткерлік меншік, Авторлық құқық объектілері.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны электрондық түрде салық төлеушінің кабинеті арқылы ұсынуға болады (cabinet.salyk.kz), Электрондық үкімет порталы( egov.kz), сондай-ақ eSalyq Azamat және eGov mobile мобильді қосымшалары арқылы алуға болады.

Декларацияны ұсынбағаны немесе толық ұсынбағаны үшін әкімшілік және тәртіптік жауапкершілік көзделген.

Жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялауға қатысты толық ақпаратты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтынан (kgd.gov.kz) "Жалпыға бірдей декларациялау" бөлімінен алуға болады.

Сонымен қатар, түсіндіру әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылады:

- "ҚР жалпыға бірдей декларациялау" телеграмм-арнасы;

- Universal_declaration_kz Instagram аккаунты;

- Facebook - "ҚР жалпыға бірдей декларациялау" парақшасы.