Теміртауда сумен қамтамасыз ету жақсартылмақ

Теміртауда сумен қамтамасыз ету  жақсартылмақ

Теміртауда биыл ТКШ саласындағы бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Су құбыры желілері мен сорғы станциясын қайта жаңартуға қаражат бөлінді. Әлеуметтік қала ауданында кәріз желілерінің құрылысы басталады. Металлургтер шаһарында тұрғын үй құрылысы да жандандырыруы тиіс.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Теміртауға жұмыс сапары барысында қаланы дамыту жөнінде кеңес өткізді.

- Жалпы, біз белгілі бір бағыттар бойынша ілгерілеушілікті көріп отырмыз. Бірақ кемшіліктері де бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Теміртауда инвестициялар азайды, құрылыс жұмыстарының көлемі төмендеді. Биыл біз қала басшылығының алдына бірқатар міндеттер қоямыз. Инвестиция көлемі кем дегенде екі есе артуы керек. Келесі маңызды мәселе - тұрғын үй құрылысы. Қаланы абаттандыру, қоғамдық көлікті жаңарту жұмыстарын жалғастыру қажет, - деді өңір басшысы.

Теміртауда жылумен қамтуды жақсарту мәселесі де өзекті болып отыр.

2021 жылға арналған жоспарлар туралы қала әкімі Қайрат Бегімов толығырақ баяндады.

Оның айтуынша, Теміртауда үш жаңа өндірісті іске қосу жоспарланып отыр. Жобаларды іске асыру құрылыс өнімдерінің ассортиментін кеңейтуге мүмкіндік береді және жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етеді. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда өндірісті кеңейту күтілуде.

Қала басшысының мәліметінше, 2020 жылы Теміртау қаласында Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары бойынша 84 грант, 16 шағын несие берілді. Бизнестің жол картасы бойынша 65 жоба қолдау тапты. Биыл шағын және орта бизнесті дамыту жалғасады. Қалалық бюджетте ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін гранттар қарастырылған.

- Биыл 29,6 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Кезекте тұрғандарды қамтамасыз ету үшін 4а орамда екі 90 пәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде. Несиелік тұрғын үйге арналған 36 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. 4А орамда жалға берілетін үйлер салу жалғасатын болады. ЖСҚ әзірленіп, тағы үш көп қабатты үйге сараптама алынған. Сонымен қатар, 9-шы шағын ауданда екі көпқабатты үйдің құрылысына ЖСҚ әзірленуде, - деді Қайрат Бегімов.

Қаланы сумен жабдықтау және су бұруды жақсарту үшін жобаларды іске асыру басталды. Теміртауда жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасады. Бір гүлзар мен 25 балалар алаңын абаттандыру жоспарланған.