Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаңа мемлекеттік қызметтер онлайн режимінде қолжетімді

Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаңа мемлекеттік қызметтер онлайн режимінде қолжетімді

Бұрын тек қана жергілікті атқарушы органдардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар қызметтерінде көрсетілген ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін алты жаңа қызмет онлайн-форматқа ауыстырылды және электрондық үкімет порталында қолжетімді болды.

Енді, қолданыстағы 18 онлайн-қызметтен басқа, тағы алты қызмет қолжетімді болды:

  1. Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің қызметін ұсыну үшін құжаттарды ресімдеу
  2. Есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тілі маманын ұсыну.
  3. Мүгедектерге кресло-арбалар беру.
  4. Протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін құжаттарды ресімдеу.
  5. Мүгедектерді санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету.
  6. Мүгедектерді сурдотифлотехникалық және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету.

- Бұл қызметтерді іске асыру біз үшін басым міндеттердің бірі болып табылады. Ерекше қажеттіліктері бар қазақстандықтар барлық қажетті мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ ала алатындай жағдай жасау керек, - деп атап өтті цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Еgov.kz электрондық үкіметтің веб-порталында қызмет алу үшін басты бетте «әлеуметтік қамсыздандыру» бөліміне, одан әрі «мүгедектерді қолдау» бөліміне өту керек.

Бұдан басқа, eGov mobile мобильдік қосымшасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп іске асырылған екі цифрлық құжат қолжетімді болды - бұл зейнеткер куәлігі және қандас куәлігі. Енді қосымшаны жүктеп алған қазақстандықтар 12 құжаттарының цифрлық көшірмесін пайдалана алады.

ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің хабарламасы бойынша