Теміртауда қаланы үздік жаңа жылдық безендіру байқауының қорытындысы шығарылды

Теміртауда қаланы үздік жаңа жылдық безендіру байқауының қорытындысы шығарылды

Желтоқсанның басында Теміртау ішкі саясат бөлімі қаланы жаңа жылдық безендіруге байқау жариялаған болатын. Биыл бұл сайысқа 30-дан астам өтінім келіп түсті. Қазылар алқасы жұмыстарды онлайн режимінде бағалады.

Жеңімпаздар үш номинация бойынша таңдалды. Үздік жұмысы үшін 100-ден 300 мың теңгеге дейін ақшалай сыйлықтармен марапаттау қарастырылды.

Дәстүрлі "Үздік қар фигурасы" номинациясында "Восток" саябағының ұжымы жеңімпаз атанды. Кәсіпорын қызметкерлері ортақ күш-жігерімен келе жатқан жылдың нышаны - үлкен бұқаны қардан жасап шығарды.

- Біз байқау туралы естіп, оған қатысуға шешім қабылдадық. Барлық ұжым іске кірісетін болды.  Мүсінді жасауға бір жарым күн кетті. Бұл оңай болған жоқ, бірақ біз жеңдік. Ұжым атынан бүкіл Теміртау қаласын Жаңа жылмен құттықтағым келеді. Рухани және материалдық байлық тілейміз. Біздің ел гүлдене берсін! - деп барша халықта "Восток" қалалық саябағы директорының орынбасары Амангелді Тоқышев құттықтады.

"Қоғамдық көлікті безендіру" номинациясы өткен жылы пайда болды. Бұл жолы онда "Шаңырақ" еріктілер орталығы ерекше көзге түсті. Жастар №05 автобусты безендірді.

Жеке кәсіпкерлер де шетте қалған жоқ. Бұл жолы жаңа жылдық байқау "Шағын және орта бизнес нысандарын безендіру" номинациясын қамтыды. Бірінші орынды KMK Trade company ЖШС алды.

Сондай-ақ, Mittal спорт кешенінің алаңында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ арқасында жаңа жылдық қалашық пайда болды. Мұнда мұз слайдтары, мұз айдыны, шырша және көптеген жарықдиодты фигуралар орнатылды.

- Тұрғындардың белсенділік танытып, байқауға ат салысқаны бізді қуантады. Жыл сайын корттарда мұз айдынын жасайтын жігіттер бар. Биыл олар шырша мен қарлы фигураны безендірді. Балалар үшін бәрін өз күшімен жасайтын адамдардың бар болғаны өте жақсы, - деп атап өтті Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Айнагүл Абдрахманова.