Қарқаралы тұрғыны 40 жылдан бері тазы өсіріп келеді

Қарқаралы тұрғыны 40 жылдан бері тазы өсіріп келеді

Қарқаралы ауданының тұрғыны Жолжақсы Ахмет қырық жыл бойы тазы өсіріп, тұқымның табиғи қасиеттерін жетілдіруге және сирек кездесетін алпауыт түрін сақтап қалуға ден қойып келеді.

Жолжақсының тазыға деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Бұл құмарлығына себепші болған да, алғаш рет тазы сыйлаған да – әкесі.

– Әкем маған Ұшар деген алғашқы тазымды әкеліп берді. Содан бері қырық жыл өтті. Бала күнімде басталған осы әуестігім содан бері өмірімнің бір бөлшегіне айналды, – дейді Жолжақсы Ахмет.

Ол үшін тазы – аңшылыққа жарайтын ит қана емес, халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан, ұлттық таным мен дәстүрді ұрпақтан ұрпаққа жалғайтын құндылық. Қазақтың «Жеті қазынасына» жататын тазыны ата-бабамыз ежелден жүйріктігі, алғырлығы, төзімділігі және иесіне адалдығы үшін қадірлеген.

– Менің басты мақсатым – ата-бабамыздан жеткен баға жетпес мұраны сақтап қалу. Тазының шапшаңдығы, жүйріктігі, төзімділігі мен иесіне деген адалдығы оны өзге ит тұқымдарынан ерекшелендіреді, – дейді ол.

Жолжақсы Ахмет тазының алпауыт түрін өсіреді. Дене бітімі ірі, күші мығым бұл иттер қасқыр алуға да жарайды. Сондықтан ол тазының бабын келтіруге, дұрыс азықтандыруға, жүйелі жаттықтыруға және күтіп-баптауға ерекше көңіл бөледі.

Жолжақсы үшін атақ пен марапаттан гөрі, өзі таңдаған істі жалғастырып, тазының тектік қасиеттерін жоғалтпай сақтау маңызды. Алдағы уақытта ол тазы санын көбейтіп, сирек түрдің сақталуына үлес қосуды көздейді. Оның ең үлкен тілегі – атадан қалған осы асыл мұраны келер ұрпаққа аман жеткізу.