Қарағанды облысында футбол академиясы салынып, стадиондар жаңартылып жатыр

Қарағанды облысында футбол академиясы салынып, стадиондар жаңартылып жатыр

Қарағанды облысында футбол инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріліп отыр. Стадиондар қайта жаңғыртылып, халықаралық FIFA Quality Pro стандартына сай жасанды төсенішті алаңдар салынып жатыр. Сондай-ақ өңірде футбол академиясының құрылысы қолға алынған. Биыл осы жобаларға шамамен 1 миллиард теңге бағытталды. Жұмыстар Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының (QOFA), Freedom компаниясының және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асырылуда.

Сұрыптау шағынауданындағы «Локомотив» стадионында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Мұнда футбол алаңының көгалы ауыстырылып, дренаж жүйесі жаңадан орнатылды. Жүгіру жолдарының асфальт жабыны да жаңартылып, кешкі уақытта жаттығулар мен матчтар өткізуге мүмкіндік беретін жарықтандыру жүйесі тартылды.

«Аманат» спорт кешеніндегі футбол алаңы да жаңартылды. Мұнда балалар арасындағы Freedom BFL жарыстары өтеді. Енді жас футболшылар жыл он екі ай бойы заманауи алаңда жаттығып, жарыстарға қатыса алады. Ал Абай қаласындағы «Жігер» стадионында жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

«Аманат» спорт кешеніндегі футбол алаңы да жаңартылды. Мұнда балалар арасындағы Freedom BFL жарыстары өтеді. Енді жас футболшылар жыл он екі ай бойы заманауи алаңда жаттығып, жарыстарға қатыса алады. Ал Абай қаласындағы «Жігер» стадионында жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

Өңірдегі футбол инфрақұрылымын дамытудың маңызды жобаларының бірі – футбол академиясының құрылысы. Жоба аясында 3500 көрерменге арналған стадион, толық өлшемді футбол алаңы, жабық жаттығу манежі, интернат, медициналық блок, жаттығу залдары мен бассейн салу көзделген. Академия Қарағандының жаңа ауданында, Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс шағынаудандарының арасында бой көтеретін ірі спорт кластерінің алғашқы нысаны болмақ.

Жас футболшыларға арналған спорт нысандары мектептерде де салынып жатыр. Саран қаласындағы №17 мектеп-гимназияның аумағында FIFA Quality Pro стандартына сай жасанды төсенішпен жабдықталған шағын стадион салынды. Алаңда жарықтандыру жүйесі мен көрермендерге арналған трибуналар бар. Бұл оқушыларға футболмен тұрақты айналысып, өзара жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.

QOFA президенті Тимур Турловтың айтуынша, сапалы спорт инфрақұрылымының қолжетімді болуы – футболды дамытып, балалар мен жасөспірімдерді спортқа тартудың негізгі шарттарының бірі.

– Қазір Қарағанды облысында жүзеге асырып жатқан жобаларымыз – Қазақстан футболының болашағын қалай елестететініміздің көрінісі. Облыс әкімдігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, инфрақұрылымды дамытып, жаңа бағдарламаларды іске қосып жатырмыз. Егер осы жұмысты қазіргі қарқынмен жалғастырып, спорт нысандарын салып, жарыстар өткізіп, футболда адал еңбекке негізделген жаңа мәдениет қалыптастырсақ, кәсіби мамандар еңбегімен лайықты табыс таба алатын жүйе құруға болады. Сонда еліміздегі ең мықты академия мен клубтың бірін қалыптастырып, Қарағанды облысын өңірдегі талантты футболшылардың басын қосатын орталыққа айналдыра аламыз деп сенемін, – деді Тимур Турлов.

Қазір «Шахтер» орталық стадионын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Ал 2027 жылы оның аумағында бюджет қаражаты есебінен жыл бойы пайдалануға болатын орта көлемді жабық манеж салу жоспарланған.

QOFA өңірлік футбол саласына білікті мамандар даярлауға да көңіл бөліп отыр. Қауымдастық жаттықтырушылар мен төрешілерді, сондай-ақ жас мамандарды даярлап, білім беру іс-шараларын өткізеді және оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқан. Бұдан бөлек, студенттер BASTA! жобасы аясында футбол ұйымында тәжірибеден өте алады.

Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының ақпараты бойынша