Балқаш қаласында тұратын жас домбырашы Күләш Байсейітова атындағы сыйлықтың стипендиаты атанды

Балқаш қаласында тұратын жас домбырашы Күләш Байсейітова атындағы сыйлықтың стипендиаты атанды

Балқаш қаласының тұрғыны Нұржан Өнербекті Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі Күләш Байсейітова атындағы сыйлықпен марапаттады. Енді желтоқсан айынан бастап оқу жылының соңына дейін жас домбырашы ай сайын 10 мың теңге көлемінде шәкіртақы алатын болады. 

Он үш жасар Нұржан Өнербек бесінші жыл Балқаш өнер мектебінде білім алып жүр. Мұнда ол өзінің сүйікті аспабы - домбырада ойнау машығын шыңдайды. Нұржан бірнеше рет республикалық және облыстық байқаулардың жүлдегері атанды. Оның соңғы марапаттарының бірі - "Күз береке" республикалық музыкалық байқауында "Музыкалық аспаптарда ойнау" номинациясындағы Гран-при.

- Ұстаздарыма үлкен алғысымды білдіремін. Құрманғазының шығармаларын орындағанды ұнатамын, "Адай" күйін үйрендім. Сондай-ақ Секен Тұрысбековтің шығармашылығын жақсы көремін, - деді Нұржан Өнербек.

- Мен ұлымды мақтан етемін! Ол өте ынталы, сондықтан ол жетістікке жетеді. Болашақта Нұржан Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжіне оқуға түседі. Біз оны бүкіл отбасымызбен қолдаймыз, - деп бөлісті Нұржанның анасы.