
Қарағанды облысына Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжон Ки Хон ресми сапармен келді. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесуде тараптар экономика, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Облыс әкімі өңірдің кореялық инвестицияларды тартуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін атап өтті. Әсіресе жоғары технологиялар саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға басымдық берілетіні айтылды.

Saran индустриялық аймағында бүгінде Samsung брендімен тұрмыстық техника шығаратын зауыт жұмыс істейді. Алдағы уақытта мұнда оңтүстіккореялық Samsung Medison компаниясымен бірлесіп ультрадыбыстық зерттеу аппараттарын өндіру жоспарланып отыр.
– Біз жобаны толық сүйемелдеуге және барлық ұйымдастырушылық әрі инфрақұрылымдық мәселелерді жедел шешуге дайынбыз. Жобаның сәтті жүзеге асуы кореялық компаниялармен өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі дамытуға және өңірге жаңа жоғары технологиялық өндірістерді тартуға жол ашады деп сенемін. Кореямен қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән береміз. Сауда-экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделіміз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Қарағанды облысында кореялық бизнеспен ынтымақтастықтың оң тәжірибесі қалыптасқан. Кореялық серіктестердің қатысуымен жұмыс істейтін компаниялар өнеркәсіп, құрылыс, сауда және басқа да салаларда бірқатар жобаны жүзеге асырып келеді. Олар өңір экономикасындағы өз қызмет аясын да біртіндеп кеңейтіп отыр.

Елші бұған дейін индустриялық аймаққа барып, зауыттың жұмысымен және жаңа жобаны жүзеге асыру мүмкіндіктерімен танысқанын айтты.
– Қазақстандағы қызметімді бастағаннан кейін бұл – өңірге жасаған алғашқы ресми сапарым. Ынтымақтастығымыздың әлеуеті зор деп ойлаймын. Алдағы уақытта тығыз байланыста жұмыс істейтін боламыз, – деді Чжон Ки Хон.
Сапар бағдарламасы аясында елші 3 қазанда Қарағандыдағы Сәкен Сейфуллин атындағы театр ғимаратында өтетін корей мәдениеті фестиваліне қатысады.

Іс-шара корейлердің Қазақстанға қоныс аударғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылады.