
Қарағандыда қалалық субұрқақтарды қысқы кезеңге дайындау және консервациялау жұмыстары кезең-кезеңімен басталды.

Аяз түспес бұрын мамандар субұрқақтардың тостағандарын тазалап, жуып, ішіндегі суды төгеді. Сондай-ақ жабдықтар ажыратылып, инженерлік жүйелер тексеріледі. Бұл жұмыстар төмен температураның әсерінен техникалық құрылғыларды қорғап, келесі маусымда субұрқақтардың тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жүргізіледі.

Қазір Нүркен Әбдіров даңғылындағы, сондай-ақ цирк пен әкімдік ғимаратының маңындағы субұрқақтарда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұдан кейін мамандар қаладағы өзге нысандарды қысқа дайындауға кезең-кезеңімен кіріседі.
Қарағандыда барлығы 29 субұрқақ бар. Олардың барлығы тұрақты аяз түскенге дейін қысқы маусымға толық дайындалуы тиіс.
Көктем келген соң қажетті тексеру жұмыстары жүргізіліп, жабдықтар іске қосылады. Осыдан кейін қала субұрқақтары қайтадан жұмыс істей бастайды.
Қарағанды қаласы әкімдігінің мәліметінше