«Таза Қазақстан»: Қарағанды облысында тазалық пен көгалдандыру жұмыстары қалай жүріп жатыр

«Таза Қазақстан»: Қарағанды облысында тазалық пен көгалдандыру жұмыстары қалай жүріп жатыр

Қарағандыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жаңа эко саябақты абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде мұнда 4500 түп ағаш егілді. Өңірдің өзге де қалалары мен аудандарында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары қатар жүргізілуде.

«Таза Қазақстан» бастамасы аумақтарды көркейтіп, көгалдандырумен ғана шектелмейді. Өңірде елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылу деңгейіне бақылау күшейтілді. Қалалар мен аудандарда абаттандыру талаптарының сақталуын қадағалауға мүмкіндік беретін 520 бейнебақылау камерасы орнатылды. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте айтылды.

Аумақтарды тазарту жұмыстары да жүйелі түрде жалғасып келеді. Қазір өңірде күзгі тазалық айлығы өтіп жатыр. Осы уақытқа дейін 20 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған.

Шет ауданында экологиялық жұмыстар көктемнен басталды. Содан бері мұнда 5 мыңға жуық ағаш отырғызылып, 75 мың тоннадан астам қоқыс пен күл-қоқыс шығарылды. Елді мекендердегі тазалықты сақтап, тұрмыстық қалдықтарды жинауды ретке келтіру үшін 100 қоқыс контейнері орнатылып, 18 контейнер алаңы қоршалды.

Туған өлкені көркейту ісіне жастар да белсенді атсалысуда. Теміртауда «Жасыл ел» жасақтарының мүшелері саябақтар мен гүлзарларды, сондай-ақ қаланың басқа да қоғамдық орындарын тазалап, абаттандыруға үлес қосып жүр.

Экологиялық жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – өңірдегі жасыл желектерді түгендеп, есепке алу. Бүгінде облыста 1,2 миллионнан астам ағаш пен бұтаның деректері цифрландырылды. Сонымен қатар 328 мектепте жасыл қор қалыптастырылған.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Таза Қазақстан» бастамасы бір реттік акция емес, тұрақты әрі жүйелі жұмыс болуы керектігін атап өтті.

– Ең бастысы – атқарылған жұмыстың жергілікті жерде нақты нәтижесін көру: елді мекендер таза әрі жинақы болуы, аумақтар абаттандырылып, жасыл желек сақталуы керек. Бұл іске мемлекеттік органдармен қатар тұрғындардың өздері де белсенді қатысуы маңызды. Бүкіл ел болып жұмылып, ортақ іске бар күшімізді салғанда ғана нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз, – деді өңір басшысы.