
Нұра ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен жылы мұнда ауылдық елді мекендердің барлығын ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті. Енді инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға және суды тікелей тұрғын үйлерге жеткізуге басымдық берілуде.

Жобалардың бірі Талдысай ауылында жүзеге асырылып жатыр. Биыл мұнда жалпы ұзындығы шамамен 5,4 шақырым болатын ішкі су құбыры желілері қайта жаңғыртылуда. Жұмыстардың негізгі бөлігі орындалды.

Тұрғындар үшін бұл жай ғана құбырларды жаңарту емес, жылдар бойы өзекті болып келген мәселенің шешімі.

— Бұл мәселе 2017 жылдан бері көтеріліп келеді. Қажетті жағдайлардың болмауына байланысты адамдар ауылға көшіп келмеді, жастар мұнда тұрақтап қалмады, — дейді Талдысай ауылының қоғамдық кеңесінің төрағасы Рысбай Жүнісов. — Енді жағдай өзгеріп келеді.
Талдысайға Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен отбасылар көшіп келе бастаған. Оларға қажетті әлеуметтік қолдау көрсетілуде.

Су құбырын қайта жаңғырту жұмыстары жергілікті бюджет қаражаты және жер қойнауын пайдаланушылардың қолдауы есебінен басталды.

— Біздің ауылда бірнеше жыл бойы су мәселесі күрделі болды. Айналамызда жер қойнауын пайдаланушылар жұмыс істейді. Солардың техникасы мен қаржылай қолдауының арқасында су құбырын тартып жатырмыз. Тұрғындар өте риза, — дейді ауыл әкімі Әсемгүл Нұртаева.

Нұра ауданының басқа да елді мекендерінде сумен жабдықтау жүйесін жақсарту жұмыстары жалғасуда.
Балықтыкөл ауылында жаңа пайдалану ұңғымасы бұрғыланып, су құбыры тартылды. Бұл ауылды сумен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Малайқұдықта суды тазартуға арналған кешенді блок-модульді орнату жұмыстары басталды. Магистральдық су құбыры желісінен КБМ орнатылатын жерге дейінгі құбыр желісі тартылып қойды. Қазір мердігер ұйым жабдықтарды жинап, монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бүгінде Нұра ауданындағы 37 ауылдық елді мекеннің барлығы сапалы ауыз суға қол жеткізген.