Қарағанды облысының кәсіпкерлеріне бақылаушы органдар есеп берді

Қарағанды облысының кәсіпкерлеріне бақылаушы органдар есеп берді

Кәсіпкерлікті тексеру, жер қатынастары, саудадағы үстемеақы және еңбек заңнамасының сақталуы – Қарағанды облысында өткен кездесуде талқыланған негізгі мәселелер. Өңірлік кәсіпкерлер палатасында бақылау және қадағалау органдарының Бірыңғай есеп беру күні аясында кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар өкілдерінің кездесуі өтті.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев жүргізді. Басқосуға салық қызметінің, жер қатынастарын бақылау органдарының, Төтенше жағдайлар департаментінің, санитариялық-эпидемиологиялық және медициналық бақылау органдарының, еңбек инспекциясының, сондай-ақ Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өкілдері қатысты.

Кәсіпкерлерге жыл басынан бергі сегіз айда жүргізілген тексерулердің қорытындылары мен заңнамаға енгізілген өзгерістер таныстырылды. Кездесуде тек анықталған заң бұзушылықтар ғана емес, олардың алдын алу жолдары және заң бұзушылық орын алған жағдайда оны жою тәртібі де кеңінен түсіндірілді.

Мәселен, жер қатынастары саласында сегіз ай ішінде 288 тексеру жүргізіліп, жалпы аумағы 273 мың гектардан асатын жер телімдері қамтылды. Салалық департамент мамандары жер учаскелерін нысаналы мақсатына сай пайдаланбау және белгіленген мерзімде игермеуге байланысты анықталған заң бұзушылықтарды жою тәртібін түсіндірді.

Кәсіпкерлер мемлекеттік органдар өкілдеріне тікелей сұрақ қойып, тексеру кезінде туындайтын мәселелерін ортаға салды. Кәсіпкерлер палатасының өкілдері атап өткендей, бизнес үшін бақылау рәсімдерінің ашық, заңды әрі түсінікті болғаны маңызды. Сонымен қатар заң бұзушылықтардың алдын алып, оларды тексеру басталғанға дейін болдырмауға басымдық берілуі тиіс.

Бақылау және қадағалау органдарының Бірыңғай есеп беру күні жыл сайын қыркүйек айының соңғы бейсенбісінде өткізіледі. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік бақылау мен қадағалау нәтижелерін талқылау, заң бұзушылықтардың алдын алу және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіруге бағытталған шешімдерді бірлесіп әзірлеу.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше