Осакаров ауданында Қарағанды облысындағы алғашқы жел электр станциясы іске қосылды

Осакаров ауданында Қарағанды облысындағы алғашқы жел электр станциясы іске қосылды

Қарағанды облысының Осакаров ауданында өңірдегі қуаты 150 МВт болатын алғашқы жел электр станциясы іске қосылды. Мұнда 21 заманауи жел турбинасы орнатылған. Жобаның инвестициялық көлемі 50 млрд теңгені құрады.

Жел электр станциясының құрылысын «Гиперборея» компаниясы жүргізді. Станцияда 20 тұрақты жұмыс орны ашылды.

— Бұл — Қазақстандағы қуаты 150 МВт болатын ірі жел электр станцияларының бірі. Жалпы, ол Осакаров ауданы секілді шамамен он ауданның электр энергиясына деген тұтыну көлемін, сондай-ақ Қарағанды қаласының тұтынуының шамамен 40—50 пайызын өтеуге қауқарлы, — деді «Гиперборея» ЖШС бас директоры Дмитрий Зайцев.

Станция құрылысына бұл жердің таңдалуы кездейсоқ емес. Жүргізілген өлшеулер мұнда желдің орташа жылдық жылдамдығы шамамен 8,5 м/с екенін көрсетті. Ашық жер бедері мен тұрақты жел станцияның тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай қалыптастырады.

— Бүгін ауданымыз үшін қуанышты күн. Жел электр станциясы пайдалануға беріліп жатыр. Бұл халықтың өмір сүру сапасына оң әсер етуі тиіс. Біз табиғи ландшафты жел электр қондырғыларының жұмысына қолайлы жерде өмір сүріп жатырмыз. Табиғи желдің болуы осындай құрылғыларды пайдалануға жақсы мүмкіндік береді, — деді Осакаровка ауылының тұрғыны Жақсыбай Қапашев.

Станцияда әрқайсысының қуаты шамамен 7,7 МВт болатын турбиналар орнатылған. Қалақтарымен қоса есептегенде конструкциялардың биіктігі 200 метрден асады. Жабдықтардың жұмысы қосалқы станция аумағынан арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы орталықтандырылған түрде бақыланады.

Өндірілген электр энергиясы Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне беріліп, одан әрі өңірлер арасында бөлінеді.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жел электр станциясының іске қосылуы жаңа энергетикалық қуаттармен қатар, өңірді дамытуға тың мүмкіндіктер беретінін атап өтті.

— Осакаров ауданы үшін бұл — маңызды жоба. Оның артында инвесторлардың, мамандар мен құрылысшылардың ауқымды бірлескен еңбегі тұр. Жаңа энергетикалық қуаттармен бірге жұмыс орындары, жаңа құзыреттер мен жергілікті бизнес үшін мүмкіндіктер пайда болғаны маңызды. Ең бастысы — жұмыс мұнымен аяқталмайды. Ауданның жел энергетикасын одан әрі дамытуға әлеуеті жоғары, — деді өңір басшысы.

Жел электр станциясының іске қосылуымен облыста жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіру көлемі кеңейіп отыр. Бүгінде өңірде бес күн электр станциясы жұмыс істейді. Енді күн энергетикасына жел генерациясы қосылды.

Сонымен қатар Осакаров ауданы жаңа инвестицияларды тартуды жалғастыруда. Мұнда қуаты 500 МВт болатын тағы бір жел электр станциясының жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында 65 жел генераторын орнату жоспарланған.

Өңірде жел энергетикасы саласындағы тағы екі ірі жоба пысықталуда. Олар — Теміртаудағы қуаты 500 МВт және Қарқаралы ауданындағы қуаты 200 МВт жел электр станциялары.