Балқаш ЖЭО-да қуат өндіру көлемі артады

Балқаш ЖЭО-да қуат өндіру көлемі артады

Қарағанды облысындағы ең ескі жылу электр орталықтарының бірі – Балқаш ЖЭО-да өндірістік қуатты арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда бесінші қазандық агрегаты салынып, алдағы уақытта тағы бір турбинаны орнату жоспарланған. Бұл қаланы жылумен қамту сенімділігін арттырып, жаңа нысандарды орталық жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Балқашқа жұмыс сапары барысында жылу электр орталығына барып, станцияның алдағы жылу беру маусымына дайындығын тексерді. Сондай-ақ өңір басшысы инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

– Қазандық агрегатын монтаждау жұмыстары аяқталды. Қазір газ тазарту жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны жеткізу бойынша Оңтүстік Кореяның IL KWANG компаниясымен келісімшарт жасалды. Жоба жаңа Экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Газ тазартудың жаңа жүйесі атмосфераға тарайтын зиянды шығарындыларды едәуір азайтады. Бұл – қала үшін өте маңызды жоба. Ол тұтынушыларға қосымша жылу өндіруге мүмкіндік береді. Қала өсіп келеді, сондықтан қуатты арттыру қажеттілігі туындап отыр, – деді Балқаш ЖЭО-ның стратегиялық жобалар тобының жетекшісі Максим Спрягайлов.

Қазір қазандық цехының ғимаратын монтаждау жұмыстары да жүргізілуде. Жобаны 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Өндіріс жөніндегі бас инженердің орынбасары Антон Тришиннің айтуынша, жылу беру маусымына дайындық аясында негізгі және қосалқы жабдықтарға жөндеу жүргізіліп жатыр. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес орындалуда.

Қазіргі уақытта станцияда үш қазандық жұмысқа дайын. Тағы бір қазандық пен турбинаға күрделі жөндеу жүргізу жалғасып жатыр.