
Қарағандыға Астана және Қазақстан митрополиті Александр, сондай-ақ Грекияның Керкира митрополиясының делегациясы келді. Сапар православие дінін ұстанушылар үшін маңызды оқиғамен байланысты. Керкира аралынан Қазақстанға Тримифунттық әулие Спиридонның оң қолы әкелінді. Қасиетті жәдігер еліміздің 10 қаласына жеткізіледі. Оның Қазақстандағы сапары Қарағандыдан басталды.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесуде қоғамдағы бейбітшілік пен келісімге қатысты мәселелер талқыланды.

— Біздің кездесулеріміз игі дәстүрге айналды. Бұл — ашық әрі мазмұнды диалогты жалғастырып, қалыптасқан өзара қарым-қатынасты нығайтуға және ортақ мүддеге қатысты мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Қарағанды облысы — әртүрлі этнос пен конфессия өкілдері ондаған жыл бойы бейбітшілік пен өзара құрмет жағдайында өмір сүріп келе жатқан өңір. Этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау — мемлекеттің, діни бірлестіктер мен азаматтық қоғам институттарының ортақ міндеті, — деді өңір басшысы.

Митрополит Александр ашық диалог үшін алғыс айтып, бұл оқиғаның маңыздылығына тоқталды.
Қарағанды облысының тұрғындары екі күн бойы православие дінінің қасиетті жәдігері — Тримифунттық әулие Спиридонның оң қолына тағзым ете алады. Жәдігер 21 және 22 қыркүйекте Қасиетті Үштік Севастианов соборында (Новая көшесі, 29) болады.