Қарағанды облысы экономиканың өсімін қамтамасыз ететін үш негізгі бағытқа басымдық берді

Қарағанды облысы экономиканың өсімін қамтамасыз ететін үш негізгі бағытқа басымдық берді

Қарағанды облысы өңір экономикасының одан әрі орнықты өсуін қамтамасыз ететін үш негізгі бағытқа – металлургия, алюминий өндірісі және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық беріп отыр. Биылғы сегіз айда облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,7%-ға өсіп, 3,7 трлн теңгеден асты. Сонымен қатар өңірде қосылған құны жоғары өнім шығару көлемі артып, жаңа өндіріс орындарын ашуға басымдық берілуде.

Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебін беру кезінде облыстық мәслихат сессиясында мәлімдеді.

– Биылғы сегіз айда облыстың экономикалық өсімі сақталды. Алайда біздің негізгі міндетіміз – өсімді сапалы әрі тұрақты деңгейде қалыптастыру. Ол үшін үш маңызды міндетті шешуіміз қажет. Олар – жаңа өнеркәсіп салаларын дамыту және инвестиция тарту, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыру, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен Saran индустриялық аймағында жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды. Қазір аталған өндірістік алаңдарда жүк көліктерін, тік жікті құбырларды, оқшаулағыш материалдар мен клинкерлік плиткаларды шығаратын, сондай-ақ мыс өндіру және байытумен айналысатын жаңа кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр.

Ермағанбет Бөлекпаев алдағы уақытта өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін айтарлықтай арттыратын төрт ірі жобаны атап өтті. Олардың қатарында Балқашта салынатын жаңа мыс балқыту зауыты, Ақтоғай ауданында мыс және молибден концентраттарын өндіретін тау-кен байыту кешені бар. Шет ауданында кен өндіру мен оны байытудан бастап, жоғары өңделген өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтитын тау-кен металлургия кешені жүзеге асырылады.

Бұдан бөлек, Qarmet компаниясы 1,6 трлн теңге көлеміндегі инвестициялық бағдарламаны іске асыруда. Бағдарлама аясында жаңа кокс батареяларын, құю-прокат кешенін және сортты прокат станын салу жоспарланған.

– Біз бұл жобаларды жекелеген инвестициялық бастамалар ретінде ғана қарастырмаймыз. Олардың іске асырылуы алдағы уақытта облыстың бүкіл экономикасына елеулі мультипликативтік әсер береді. Атап айтқанда, қызмет көрсету, логистика, жөндеу, сервистік қызмет, құрылыс, өндіріс және басқа да сабақтас салаларға қосымша сұраныс қалыптасады. Біздің негізгі бағдарымыз – индустриялық серпіліс. Қазірдің өзінде осы өсімнің берік негізін қалыптастырып жатырмыз. Ірі жобалар жекелеген кәсіпорындардың ғана емес, тұтас өңір экономикасының дамуына серпін беретін драйверге айналуы үшін қажетті жағдай жасалуда, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы экономиканың басқа да бағыттарындағы жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды. Коммуналдық және жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

Әлеуметтік салаға да айрықша мән берілуде. Облыс бюджетінің шамамен жартысы осы саланы ұстауға және дамытуға бағытталған.