Қарағанды облысында ірі сүт-тауар фермасының алғашқы кезеңі іске қосылды

Қарағанды облысында ірі сүт-тауар фермасының алғашқы кезеңі іске қосылды

Қарағанды облысының Осакаров ауданында «Евразия Инвест LTD» компаниясы сүт саласын дамытуға бағытталған ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Жобаға салынған инвестиция көлемі 30 млрд теңгеден асады. Родников ауылдық округінде жаңа сүт-тауар фермасының алғашқы кезеңі іске қосылды. Кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде жылына 70 мың тоннадан астам өнім өндіреді.

Жобаның жүзеге асырылу барысымен Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысты.

– Біз бие сүтін өңдеуден бастап, толық циклді көпсалалы холдингке дейінгі агроөнеркәсіптік кластер құрып жатырмыз. Оның негізгі нысаны – сүт-тауар фермасы. Сауын сиырға арналған 1 200 басқа есептелген алғашқы кезеңі іске қосылды. Қазір екінші кезеңінің құрылысы жүріп жатыр. 2027 жылы тағы 2 400 басқа арналған екінші кезең іске қосылады. Ал 2028 жылы тағы 2400 басқа арналған үшінші кезеңнің құрылысы басталады. Нәтижесінде сауын сиыр саны 6 мың басқа жетеді, ал төлдерді қоса есептегенде жалпы мал басы 15 мыңнан асады, – деді «Евразия Инвест LTD» ЖШС құрылтайшысы Иван Георгиади.

Голштин-фриз тұқымды сиырлар заманауи талаптарға сай ұсталады: малға арналған қоралар кең, жем мен суға еркін қолжетімділік қарастырылған. 

Ал төлдер күн сайын ветеринарлық бақылаудан өтеді.

Агроөнеркәсіптік кешен отандық сүт өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етеді.

Компанияға тиесілі жердің жалпы аумағы 56 мың гектарды құрайды, оның 10 мың гектары суармалы жер. 

Фермада жеке жемшөп базасы құрылып жатыр.

Астық пен майлы дақылдарды сақтау үшін қуаты 35 мың тонна болатын элеватор пайдалануға берілді. Кейін оның қуатын 50 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Барлық үдеріс автоматтандырылған. Ал шикізатты сертификаттау үшін зертханалық сапа бақылауы жүргізіледі.

Сонымен қатар сыйымдылығы 17 мың тонна болатын заманауи көкөніс қоймасы салынды. Тағы үш көкөніс қоймасының құрылысы жүріп жатыр. Бұл сақтау қуатын 35 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.