Шахтинскіде заманауи балалар және спорт алаңдары орнатылуда

Шахтинскіде заманауи балалар және спорт алаңдары орнатылуда

Шахтинскіде тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, аулаларды абаттандыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Әсіресе тұрғындар балаларымен бірге бос уақытын өткізетін аулаларды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде.

Биыл Молодежная көшесіндегі аулаларда балалар және спорт алаңдарын жабдықтау жұмыстары басталды.

Жаңа алаңдар әр жастағы балалардың қызығушылығына сай болады. Мұнда үш орындық балалар әткеншегі, кіші және ересек жастағы балаларға арналған ойын кешендері, тепе-теңдік сақтауға арналған құрал мен карусель, құм алаңы және белсенді демалысқа арналған түрлі ойын элементтері орнатылады.

Жасөспірімдер мен ересектер үшін заманауи жаттығу құрылғылары бар воркаут алаңы қарастырылған. Бұл тұрғындарға спортпен үйден алыстамай, өз ауласында айналысуға мүмкіндік береді.

Алаңдардың аумағы абаттандырылып, жайлы әрі қауіпсіз демалыс үшін қажетті жағдай жасалады. Атап айтқанда, заманауи резеңке жабын төселіп, аумақ қоршалады. Сондай-ақ қырлы тастан жаяу жүргіншілерге ыңғайлы жолдар салынып, жарықтандыру жүйесі орнатылады. Алаң маңына орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылады.

Негізгі жұмыстарды биыл қазан айында аяқтау жоспарланып отыр.

Шахтинск қаласы әкімдігінің мәліметінше