Қызылордалық «Томирис» ансамблі Қарағандыда мерейтойлық концертін өткізеді

Қызылордалық «Томирис» ансамблі Қарағандыда мерейтойлық концертін өткізеді

Қарағанды тұрғындарын Қызылордадан келген «Томирис» хореографиялық ансамблінің мерейтойлық концертіне шақырады. 16 қыркүйекте ұжым К. С. Станиславский атындағы театр сахнасында өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтеді.

Концерт сағат 19:00-де басталады. Көрермендерді би мен музыкаға, ұлттық нақыштағы жарқын образдарға толы кеш күтеді. Бағдарламада қазақтың ұлттық хореографиясы, заманауи қойылымдар, сондай-ақ вокалдық және аспаптық нөмірлер ұсынылады. Мерейтойлық концертте халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетеді.

«Томирис» – Қызылорда облыстық филармониясының кәсіби хореографиялық ұжымы. Ансамбль 2001 жылы құрылған. Ширек ғасыр ішінде ұжым қазақтың би өнерін елімізде ғана емес, шетелдерде де кеңінен танытып келеді.

Ансамбль әртістері Ресей, Украина, Түркия, Корея, Қытай елдерінде, сондай-ақ Вашингтон мен Нью-Йорк қалаларында өнер көрсеткен.