Қарағанды облысында кеншілерге құрмет көрсетілуде

Қарағанды облысында кеншілерге құрмет көрсетілуде

Қарағанды облысында биылдың өзінде 20 миллион тоннаға жуық көмір өндірілді. Еліміздегі «қара алтынның» басым бөлігін өндіретін өңірде Кеншілер күні ең басты әрі маңызды мерекелердің бірі саналады. 

Кеншілер сарайында өткен салтанатты жиында кеншілерді кәсіби мерекесімен құттықтап, үздік қызметкерлерге ведомстволық наградалар табысталды.

— Бүгінде Қарағанды облысы Қазақстанда көмір өндіру көлемі бойынша екінші орында тұр. Өткен жылы шамамен 37 миллион тонна көмір өндірілді. Биыл жеті айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 20 миллион тоннаға жуықтады. Жыл соңына дейін кемінде 41 миллион тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Осы цифрлардың арғы жағында үлкен еңбек тұр. Бұл – сіздердің ауысымдарыңыз, жауапкершіліктеріңіз және әр кез үйде сіздерді асыға күтетін отбасыларыңыздың еңбегі. Біз үшін ең алдымен еңбектеріңіздің қауіпсіздігі мен болашаққа деген сенімдеріңіз маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек беделін арттырып, лайықты еңбек жағдайларын жасаудың қажеттігін үнемі атап келеді, — деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы еңбегімен ерекшеленген қызметкерлерге «Шахтер даңқы» төсбелгілері мен «Кенші даңқы» медальдарын табыстады.

Кеншілер мен тау-кен өнеркәсібінің ардагерлерін Qarmet компаниясының басшылығы да құттықтады.

— Қарағанды көмір бассейні кеншілердің бірнеше буынының еңбегімен қалыптасты. Бүгінде біз бұл тарихты құрметпен жалғастырып келеміз. Qarmet көмір департаментінің алдына үлкен мақсат қойып отыр – 2028 жылға қарай 9 миллион тонна көмір өндіру. Бұл мақсатқа жету үшін шахталарды ауқымды түрде жаңғыртып жатырмыз: жаңа құрал-жабдықтар сатып алып, заманауи позициялау және байланыс жүйелерін енгізудеміз. Жер астында алғаш рет Wi-Fi мен жедел мобильді байланыс пайда болды, — деді Qarmet директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев.

Костенко атындағы шахтаның жерасты электр слесарі Валерий Бабяк «Шахтер даңқы» белгісінің толық иегері атанды. Зейнетке шығатын жылында алған бұл марапат оның тау-кен саласындағы көп жылғы еңбегі мен кәсіби тәжірибесіне берілген лайықты баға болды. Ол өмірінің 43 жылын осы кәсіпке арнаған.

— Мені шахтаға әкем алып келді. Ол Стахановская шахтасында 40 жылға жуық еңбек етті. Ал менің еңбек кітапшамда небәрі екі жазба бар. Алғашқы «Шахтер даңқы» белгісін 2007 жылы алдым. Бірақ қазір, зейнетке шығардың алдында үшінші белгіге ие болғанымда, толқынысым ерекше. Еңбегімнің еленгені – мен үшін үлкен қуаныш. Жастарға айтарым – үнемі оқып, үйреніп, істің мәнісіне терең үңілу керек. Өйткені құрал-жабдықтар үнемі жаңарып отырады. Ал ең бастысы – қауіпсіздік. Қорқынышты болса – барма. Қауіпті болса – барма, — деп Валерий Бабяк жастарға ақыл-кеңесін айтты.

Күзембаев атындағы шахтасы №2 дайындық жұмыстары уческесінің өтпе қазбаларын жүргізуші Жомарт Шайахметов те «Шахтер даңқы» белгісінің толық иегері атанды. Оның айтуынша, бұл марапат – жалғыз оның ғана емес, бүкіл бригаданың еңбегіне берілген баға.

— Жер астында 22 жылдан бері еңбек етіп келемін. Осы уақыт бойы бір жерде, бір мамандықта жұмыс істеп жатырмын. Шахтада алдымен нағашы ағам еңбек етті, кейін ағамның жолын жалғадым. Мен де соларға қарап, шахтаға келдім. Бүгінде жұмыс жағдайымыз жақсарды. Барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын! Шахтаға түскенде де, жер бетіне көтерілгенде де аман-есен болайық! — дейді Жомарт Шайахметов.

Марапаттау рәсімі мерекелік концертпен жалғасты.

Кеншілер күні дәстүр бойынша жаздың соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Биыл кәсіби мереке 30 тамызға сәйкес келеді.