
Қарағанды облысында орман шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа жоба қолға алынды. Новодолинский кентіндегі орман тәлімбағында қылқан жапырақты ағаш көшеттерін өсіретін жылыжайы бар өндірістік кешеннің құрылысы басталды. Өңірде алғаш рет бой көтеретін нысан жылына 1 миллионға дейін көшет өсіруге қауқарлы.

Қазір құрылыс алаңында аумақты дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Геодезистер кешен нысандарының нақты орналасатын жерін анықтап, учаскені өлшеуде.

Жаңа өндірістік кешеннің құрамына жылыжай мен қажетті өндірістік ғимараттар кіреді. Нысанды бір жыл ішінде аяқтау жоспарланған.

Жаңа технологияның негізгі артықшылығы — көшеттерді өсіру мерзімін қысқартып, сапасын арттыру. Ашық жерде қарағай көшетін өсіруге шамамен екі жыл қажет болса, жылыжай жағдайында бұл уақыт бір жылға дейін қысқарады. Сонымен қатар жабық тамыр жүйесі өсімдіктің жерге егілгеннен кейін жақсы жерсінуіне мүмкіндік береді.

— Көшеттерді бұрынғыдан әлдеқайда жылдам өсіре аламыз. Соның арқасында облыс сапалы егу материалымен көбірек қамтылады. Жылыжайдағы барлық үдеріс автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асады. Мұнда тұманды суару мен климатты бақылау жүйесі қарастырылған. Олар өсімдіктердің өсуіне қолайлы жағдай қалыптастырады, — дейді Қарағанды ормандарды орманды молықтыру және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының орман өсіру жөніндегі инженері Эдуард Крюков.
Жаңа кешеннің іске қосылуы еңбек нарығына да оң әсер етеді. Мұнда шамамен 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Дегенмен кішкентай дәннен биік ағашқа дейінгі жол бір күнде өтпейді. Жас желекке жылдар бойы күтім мен үздіксіз бақылау қажет. Екі жылдық көшеттің өзі небәрі 10–15 сантиметрге жетеді. Ал оның биіктігі бір метрге жетуі үшін тағы 6–7 жыл керек.

— Дәннен тал шыбықтай жас ағаштың өсіп шығуы үшін ең алдымен көп еңбек пен сүйіспеншілік қажет, — дейді Эдуард Крюков.
Сонымен бірге тұрақты орман тәлімбағының аумағы да кеңейтіліп жатыр. Оның жалпы көлемін 80 гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Мұнда өсірілген көшеттер орманды қалпына келтіру жұмыстарына пайдаланылып, өңірдегі орман шаруашылықтарын қажетті егу материалымен қамтамасыз етеді.

Орманды қалпына келтіру жұмыстары тәлімбақпен ғана шектелмейді. Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш егу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында облыста ормандарды молықтыру және орман өсіру бойынша Кешенді жоспар іске асырылуда.
2027 жылға дейін өңірде 2310 гектар аумаққа 7 млн көшет егу жоспарланған. Биыл көктемде 560 гектар жерге 2,1 млн-нан астам көшет егілді. Ал күзгі егу жұмыстары тағы 63 гектар аумақты қамтымақ.