
Қарағандының Орталық мәдениет және демалыс саябағында Қазақстан халқының Тілдері күніне орай Тіл-FEST фестивалі өтеді. Мерекелік іс-шара 5 қыркүйек күні сағат 10:00-де басталады.
Фестиваль қазақ тілін кеңінен дәріптеуге, еліміздегі этностардың тілдік мұрасын сақтауға және мәдени әралуандықты насихаттауға бағытталған мазмұнды мәдени-ағартушылық әрі интерактивті бағдарламаны қамтиды.
Шара қонақтарын концерттік шоу, «Қазақша сөйлейік!» Talk&Play интерактивті алаңы, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі және Qazaq Brand Market күтеді. Келушілер түрлі ойындар мен квиздерге, байқауларға қатысып, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрлердің ерекшеліктерімен танысады. Сондай-ақ отандық шығармашылық ұжымдар мен заманауи жобалардың жұмыстарын тамашалауға мүмкіндік алады.
«Қазақша сөйлейік!» Talk&Play алаңы қазақ тілінде еркін қарым-қатынас жасау дағдыларын жетілдіруге, мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолдануға қолайлы әрі еркін орта қалыптастыруға арналады.
Фестиваль аясында ұлттық тағамдар мен отандық өндірушілердің заманауи өнімдеріне де ерекше назар аударылады. Белсенділік танытып, түрлі шараларға атсалысқан қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Тіл-FEST фестивалі Қазақстанның тілдік және мәдени әралуандығына деген қызығушылықты арттырып, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге және қоғамдағы өзара құрмет пен бірлікті нығайтуға ықпал етпек.