Абай ауданында аға буын өкілдерінің бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалған

Абай ауданында аға буын өкілдерінің бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалған

Абай ауданында аға буын өкілдеріне арналған Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Мұнда келушілер спортпен шұғылданып, қазақ тілін үйреніп, компьютер мен заманауи технологияларды меңгере алады. Сондай-ақ шахмат ойнап, қолөнермен айналысуға мүмкіндік бар.

Жақында орталық жаңа ғимаратқа көшіп, бассейн орналасқан ғимараттың екінші қабатынан орын алды. Бүгінде мұнда күн сайын шамамен 100 адам келеді. 

Орталықтың жұмысымен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысты.

— Ең бастысы – дендеріңіз сау болып, уақыттарыңызды көңілді әрі пайдалы өткізу. Мұнда өздеріңізге қызықты іспен айналысып, араласуға, жаңа нәрсе үйренуге мүмкіндік бар. Қандай да бір ұсыныстарыңыз болса, қандай үйірмелер немесе жағдайлар қажет екенін міндетті түрде айтыңыздар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев орталыққа келушілерге.

Бұл күні шеберханада ерекше қарбалас болды. Қатысушылар жүннен бұйым жасауды үйреніп, түрлі әшекейлер мен аксессуарлар – білезік, алқа және брошьтар дайындады.

— Алдымен жасөспірімдер арасында сәнге айналған орамалдарды тоқыдық. Қазір жүнмен жұмыс істеп, құрғақ киіз басуды және құрғақ әрі дымқыл киіз басу әдістерін үйлестіретін техниканы меңгеріп жатырмыз, – дейді киіз басу шебері Ғалия Болатова.

Орталықта аэробика жаттығулары өтетін денсаулық мектебі, 

шахмат үйірмесі, қолданбалы өнер және қолөнер сабақтары, сондай-ақ қазақ тілі курстары жұмыс істейді.

Сонымен қатар салауатты өмір салты мен цифрлық сауаттылық бойынша дәрістер мен тренингтер тұрақты түрде өткізіледі.

Заманауи технологиялармен бұрын таныс болмаған азаматтар да мұнда жаңа дағдыларды меңгеріп жүр. Сабақ барысында қатысушылар компьютермен жұмыс істеуді және түрлі цифрлық сервистерді пайдалануды үйренеді.

Тағы бір сұранысқа ие бағыт – қазақ тілін үйрену. Курста білім алып жүргендердің бірі – Наталья Чебарова. Ол қазақ тіліндегі кейбір тұрмыстық сөздерді білгенімен, енді тілді тереңірек меңгеруге ниетті.

— Қазақ тілінде сөйлеп үйренгім келеді. Бұл үшін жасым кедергі емес деп есептеймін. Бәрін меңгеріп шығатыныма сенімдімін, – дейді Наталья Чебарова.

Орталықта сабақ беретіндердің қатарында өздері де зейнет жасындағы азаматтар бар. Қазақ тілі курсын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Үндемес Чигирова жүргізеді.

— Бүгін бізде алғашқы сабақ. Функционалдық сауаттылықтың негіздерін үйренеміз. Барлығы ауызекі қазақ тілін меңгергісі келеді. Тыңдаушыларымның білім алуға деген ынтасы өте жоғары, – дейді ол.

Орталыққа Абай ауданының тұрғындарымен қатар, жақын маңдағы елді-мекендердің тұрғындары да келеді. Оның жұмысы ғимарат ішіндегі сабақтармен ғана шектелмейді. Жылы мезгілде далада би билеу, ойындар, байқаулар және басқа да түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.

Жобаны «Жастар альянсы» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырып отыр. Ұйым бірнеше жылдан бері аға буын өкілдерімен жұмыс істеп келеді. Волонтерлер оларға тұрмыстық мәселелер бойынша көмектесіп, азық-түлік жеткізіп, түрлі бастамаларға қатысушыларға қолдау көрсетіп жүр.

«Жастар альянсы» ҚБ төрағасы Темірлан Қакеновтың  айтуынша, адамдардың бас қосып, пайдалы іспен айналысуына арналған кеңістік құру идеясы зейнеткерлердің өздерімен жүргізілген әңгімелер барысында пайда болған.

— Мәселен, біреуге азық-түлік апарып берген кезде, ол: «Шахмат ойнайтын жер болса жақсы еді», – деп айтып қалатын. Биыл әкімдіктің қолдауының арқасында осындай бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туды, – дейді ол.

Алдағы уақытта орталықтағы үйірмелер мен сабақтардың санын арттырып, жаңа бағыттарды енгізу жоспарланып отыр.