Бұқар жырау ауданында гранттар тұрғындарға кәсіп бастауға жол ашып отыр

Бұқар жырау ауданында гранттар тұрғындарға кәсіп бастауға жол ашып отыр

Шиномонтаж шеберханасы, гүл павильоны, жылыжай, наубайхана, құрылыс материалдарын өндіру — Бұқар жырау ауданының тұрғындары мемлекеттік гранттың қолдауымен өз идеяларын табысты кәсіпке айналдыруға мүмкіндік алып отыр. Биыл әлеуметтік осал санаттарға жататын 18 азаматқа осындай қолдау көрсету жоспарланған.

— Мемлекеттік қолдау — бизнесті бастауға берілетін жай ғана қаржылай көмек емес. Бұл — мемлекет тарапынан көрсетілген сенім және өз идеяңды нақты іске айналдырып, жұмыс істеп тұрған кәсіп құруға берілген тамаша мүмкіндік, — деді аудан әкімі Ерлан Құсайын.

Гранттың алғашқы легі бойынша 10 азамат қолдауға ие болды. Олардың жобалары арасында мал шаруашылығын дамыту, Үштөбе ауылында техникалық қызмет көрсету станциясын ашу, Ботақарада шлак және газ блоктарын өндіру, Баймырза ауылында наубайхана ашу, тұрмыстық техниканы жөндеу, клининг қызметтерін көрсету, мерекелік дастарханға қызмет көрсететін көшпелі сервис және басқа да бастамалар бар.

Әсем Абдулина үшін грант Үштөбе ауылында шиномонтаж шеберханасын ашуға мүмкіндік берді. Ол бөлінген қаражатқа станок, дөңгелектерді теңгерімдеуге арналған жабдық, компрессор және басқа да қажетті құралдарды сатып алуды жоспарлап отыр.

— Бұл — сұранысқа ие қызмет түрі. Әсіресе ауданның климаттық ерекшеліктері мен дөңгелектерді маусым сайын ауыстыру қажеттілігін ескерсек, шиномонтаж қызметіне сұраныс тұрақты. Клиенттер қажетті қызметті жедел әрі сапалы ала алатын орын ашқым келеді, — дейді Әсем Абдулина. — Кәсіпкерлікті енді бастағандар үшін мемлекеттік қаржылай қолдау — алғашқы қадамды жасап, өз идеясын жүзеге асыруға берілген үлкен мүмкіндік.

Кәсіпкер алдағы уақытта қызмет түрлерін кеңейтіп, тұрақты клиенттер санын арттыруды және жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отыр.

Үштөбедегі тағы бір жаңа жоба — Диана Құлатаеваның гүл павильоны. Кәсіп ашу идеясы ауылдағы күнделікті қажеттіліктен туындаған. Елді мекенде гүл сататын мамандандырылған орын болмағандықтан, тұрғындар гүл шоқтарын сатып алу үшін қалаға баруға мәжбүр.

Диана «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша білім алып, бизнес-жобасын әзірлеген. Кейін құжаттарын байқауға ұсынып, грант иеленді. Енді ол бөлінген қаражатқа павильон мен гүлдерді сақтауға арналған тоңазытқыш жабдығын сатып алуды жоспарлап отыр.

— Көпбалалы ана ретінде мемлекеттен грант түрінде алған қолдауым мен үшін кәсіпті бастауға берілген үлкен мүмкіндік. Енді өз ісімді дамытып, оны тұрақты табыс көзіне айналдыра аламын, — дейді Диана Құлатаева.

Бірінші Май ауылындағы Иван Булавкин де грантты қолданыстағы шаруашылығын кеңейтуге бағыттамақ. Қазір ол өз ауласында қияр, қызанақ, картоп және басқа да көкөністер мен тамыржемістер өсіреді. Грант қаражатына үш жылыжай, су сорғысы мен шлангілер сатып алуды жоспарлап отыр.

— Грант — кәсібін енді бастаған азаматтар үшін үлкен қолдау. Оның арқасында өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, көкөністерді нарыққа ертерек шығаруға мүмкіндік аламын. Себебі жылыжайда өнім тезірек піседі. Бұдан бөлек, өнім көлемі ауа райының қолайсыздығына бұрынғыдан аз тәуелді болады, — дейді Иван Булавкин.

2026 жылы Бұқар жырау ауданында барлығы 18 грант беру жоспарланған. Әр гранттың көлемі — 400 АЕК, яғни 1 млн 730 мың теңге.