
Қарағанды облысының Абай ауданында спорт инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Негізгі жобалардың бірі – қалалық «Жігер» стадионының футбол алаңын қайта жаңғырту. Жұмыстар Қарағанды облысының әкімдігі мен қаржы компаниясы арасында жасалған спорт инфрақұрылымын дамыту туралы меморандум аясында Freedom компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысты.

«Жігер» стадионы 1971 жылдан бері жұмыс істеп келеді және Абай қаласындағы негізгі спорт нысандарының бірі саналады. Мұнда қала тұрғындары жыл бойы спортпен шұғылданады: қыста хоккей корты мен мұз айдыны жұмыс істесе, жазда теннис корты пайдаланылады. Сондай-ақ стадионда футбол, хоккей, үлкен теннис, шахмат, дойбы және пауэрлифтинг секциялары жұмыс істейді. Барлығы 250-ден астам адам спортпен қамтылған.

Қазір нысанда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ескі жабын алынып, мамандар жаңа негіз дайындап, дренаж жүйесін орнатуда.

– Алаңның негізі жаңартылып, нығыздау жұмыстары жүргізілуде. Дренаж жүйесі орнатылып, судың тиімді ағызылуын қамтамасыз ету үшін қалалық кәріз жүйесіне қосылатын құбырлар тартылуда, – деді Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының даму жобаларының жетекшісі Игорь Агафонов.
Жаңа жасанды жабынның сапасы ең жоғары деңгейдегі FIFA Quality Pro сертификатына ие. Оның түгінің биіктігі 60 миллиметр болады. Алаң кварц құмы мен резеңке үгіндісімен толтырылады. Бұл қажетті амортизацияны қамтамасыз етіп, жаттығу барысын барынша жайлы әрі қауіпсіз етеді.

Келесі жылға трибуналарды жөндеу және жаңа жарықтандыру жүйесін орнату жоспарланған. Алдағы уақытта стадион маңында жеңіл металл конструкциялар мен сэндвич-панельдерден орта форматтағы жабық манеж салу көзделіп отыр. Оның ішінде көлемі 60×40 метрлік футбол алаңы мен киім ауыстыратын бөлмелер орналасады.

– Қалада сапалы футбол алаңы бар стадион пайда болады. Бұл спортшылардың жаттығу жағдайын жақсартып, әсіресе балалардың спортпен айналысуына мүмкіндік беретін болады, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Спорт инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары Абай ауданының басқа да елді мекендерінде жүргізілуде. Биыл Жартас ауылында жасанды жабындысы бар заманауи көпфункционалды хоккей корты орнатылды. Қалалық жабық бассейннің жаттығу залында да жаңа құрал-жабдықтар пайда болды.
Жазғы кезеңде Абай мен Топар елді мекендерінде балаларға арналған ашық бассейндер орнатылды.
Инклюзивті спортты дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Церебралды сал ауруы бар балалар үшін жүзу жаттығулары ұйымдастырылса, зияткерлік даму ерекшеліктері бар балалар жеңіл атлетикамен айналысады. Қимыл-тірек аппараты бұзылған адамдарға арналған бочче секциясы да жұмысын жалғастырып келеді.
Қолданыстағы нысандарды қайта бейіндеу арқылы да жаңа мүмкіндіктер жасалуда. Абай ауданының 3-шағынауданындағы бұрынғы мектеп ғимаратында спорт орталығы ашылды. Мұнда сегіз секцияда 500-ден астам бала жаттығады.
– Енді ғимараттың тағы бір қабатын жөндеп, орталықтың мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Мұнда менталдық ерекшеліктері бар балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалады. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлері, гимнастика және аэробика секциялары ашылады. Соның арқасында ауданымыздың тағы 250-ден астам баласы спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік алады, – деді Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов.