Қатаң карантиннен кейін Қарағанды облысы экономикасының жағдайы қандай? Аймақтағы жолдар қашан жөнделеді? Тұрғын үй құрылысы қалай жүріп жатыр? Сондай-ақ, жұмыссыздық және экология мәселелерін Azattyq Rýhy тілшісі Ербол Сейілхан облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен талқылады.
- Жеңіс Махмұдұлы, сіздің халыққа берген уәделеріңіз орындалмаған кезде, сіз өзіңізді қалай сезінесіз?
- Мен берген уәделерімді әрқашан орындауға тырысамын, бірақ әр түрлі жағдайлар болады. Жыл басында біз ауылдарда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу және жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп уәде бердік. Алайда, өкінішке орай, кейбір міндеттемелер орындалмады немесе оларды орындау мерзімі осы жылы пандемиямен күресуге көп қаражат жұмсалатындығына байланысты ұзартылды. Біз кешірім сұраймыз. Тұрғындармен осындай мәселелер бойынша жұмыс істейміз және түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
- Алайда сіз берген уәдеңізді орындауға тырысасыз ғой?
- Бұл біздің міндетіміз. Сөз бердік пе – оны орындаймыз.
- Сіз елордада, Есілдің сол жағалауындағы ғимаратта жұмыс істедіңіз. Кейде әріптестеріңізді кеңсе қызметкерлері деп атайды. Ал сіздің жұмыс стиліңіз қандай?
- Мен жұмыс істеген министрліктің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл министрлік нақты салаларға - көлік, өндіріс мәселелеріне жақын. Сондықтан ондағы жұмыс тек заңдармен, стратегиямен, жоспарлаумен байланысты емес. Ол жерде, әрине, белгілі бір жобалар бойынша жұмыс жүргізілуде – мысалы, республикалық маңызы бар жолдар, зауыттар салу, инвесторлармен ынтымақтастық... Менің ойымша, бұл министрліктегі жұмыс кабинеттік стильге жатпайды.
- Ал қазір, сіз әкім қызметіне ауысқан соң, аудандарға қаншалықты жиі барып тұрасыз?
- Апта сайын. Бұл менің міндетім.
- Бүгінгі таңда басты мәселе – коронавируспен күрес. Бірінші толқын оңай болмағанын білеміз. Алда енді екіншісі күтілуде. Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір өңірлер коронавирус туралы статистиканы жасырып жатқанын айтты. Олардың қатарында Қарағанды облысы жоқ. Аймақтағы эпидемиологиялық жағдай қандай?
- Бүгінгі таңда жағдай тұрақты. Науқастар санының күнделікті өсуі өзгеріссіз. Жарты жыл ішінде бізде 44 госпиталь дайындалды, оның 17-сі жұмыс істейді. Қалғандары резервте. Бұл ауруханаларда жұмыс жүктемесі небары 3,4 пайызды құрайды. Жарты жыл ішінде біз 70 медициналық мекемеде түрлі сипаттағы жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Медициналық инфрақұрылым жақсартылды, ӨЖЖ-аппараттарының жеткілікті саны сатып алынды. Тек соңғы 4-5 айда 300 ӨЖЖ-аппараты жеткізілді. Бүгінгі таңда облыста 18 томограф жұмыс істейді. Жыл соңына дейін 21 томограф болады. Жезқазған, Теміртау, Балқаш және Сәтбаев қалаларында да осындай аппараттар орнатылған. Бүгінгі таңда біз 6 мыңнан астам дәрігерді дайындадық. Егер жағдай өзгерсе, олар госпитальдарға жұмысқа шығады. Қазір бұл тұрғыда бізде проблема жоқ. Сондай-ақ, медициналық препараттардың үш айлық қоры бар. Бүгінгі таңда бізде жеті зертхана жұмыс істейді. Егер бәрі жақсы болса, келесі айда Балқашта сегізіншісі ашылады. Жалпы, күніне 3,5 мың тест жасалады. Сегізінші зертхана ашылғаннан кейін күніне 10 мыңнан астам зерттеу жүргізуге болады.
Біз екінші толқынға дайынбыз деп айта аламыз.
- Қарағанды облысы – құрамына тоғыз қала мен тоғыз аудан кіретін үлкен өңір. Мен тұрғындармен сөйлескен кезде олар жол проблемаларын көтереді. Олар ескірген инфрақұрылым туралы айтады және оны әкімге жеткізуді сұрайды. Сондай-ақ газбен жабдықтау мәселесін көтеріп, аудандарға газдың қашан келетінін сұрайды.
- Жалпы бізде 11 қала бар. Олардың тоғызы – моноқалалар. Олар кәсіпорындардың жанында орналасқан. Бұл қалалардың басты проблемасы – зауыттар 50-60 жыл бұрын салынған. Инфрақұрылым, су құбырлары, қазандықтар және көшелерді жөндеуді қажет ететін мәселелер бар. Біздің елімізде осы мәселелерді шешуге бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірінші кезекте Моноқалаларды дамыту, «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары туралы айтуға болады. Олардың аясында үлкен жұмыстар атқарылуда. Мысалы, Жезқазған мен Сәтбаевта Есқұла суағарының құрылысы жүріп жатыр. Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша су құбыры Сәтбаевқа дейін созылды. Келесі жылдан бастап Сәтбаев осы жерден су алатын болады. Жұмыстың үшінші кезегі - Жезқазғанға дейін су тарту. Ол 2021 жылы аяқталады, келесі жылдан бастап Жезқазған тұрғындары Есқұла су көзінен 8-9 млн текше метр суды пайдалана алады. Сондай-ақ, 2021 жылы Үйтас-Айдос су тартқышын салу жобасы басталады. Бұл бір жыл ішінде шешілмейтін мәселелер. Жәнеде де бұл тек Қарағанды облысында ғана емес, үлкен жүйелік проблема.
Газ мәселесіне келер болсақ. Өткен жылы аймаққа көгілдір отын келді. «Сарыарқа» газ құбыры салынды. Биыл Жезқазғанда, Теміртауда, Қарағандыда газ тарату жүйелерінің құрылысы басталды. Жыл соңына дейін 3 мың үйді газбен қамтып, орталықтандырылған жүйеге қосуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы тағы төрт ауданда газ өткізу жоспарлануда. 5-6 жыл ішінде облыстың миллион тұрғыны газбен қамтылады. Бұл бағдарлама бар. Оның орындалуы қаржыландыруға байланысты.
- Моноқалалар бар жерде әлеуметтік проблемалар жеткілікті. Осыған байланысты Қарағанды облысына көшіп келушілер көп пе?
- Көші-қон, әрине, бар. Мысалы, Жезқазғанда өткен жылы алғаш рет халық саны өскені байқалды. 2019 жылға дейін тұрғындар санының төмендеуі тіркелді. Қазір жағдай өзгерді. Өзбекстаннан, Моңғолиядан келген отандастар қайтып келуде. Жалпы ауданнан қалаға көшіп жатқандар жетерлік. Қарағанды тұрғындарының саны да өсуде. Қарағанды, Теміртау және жақын орналасқан қалалар - Саран, Шахтинск, Абайда қазір 800 мыңнан астам адам тұрады.
- Қарағанды облысының қалалары, аудандары, әдетте, «Қазақмыс» және «АрселорМиттал Теміртау» секілді ірі өндірістердің жанында орналасқан, жергілікті тұрғындар сонда жұмыс істейді. Жалпы экономиканы әртараптандыру бойынша жұмыс қалай жүріп жатыр?
- Қарағанды облысында шынымен де үлкен жүйелі өндірістік кәсіпорындар бар. Мысалы, бүгінгі таңда облыс экономикасының 18 пайызы «Қазақмыс» пен «АрселорМитталға» тиесілі. Ал жалпы біздің өңірдегі кәсіпорындардың жалпы экономикалық үлесі – 50 пайыз. ШОБ – 16-17 пайыз. Бірақ шағын және орта бизнеске жұмыс күшінің 34%-ы тиесілі. Көріп отырғанымыздай, қазір әртараптандыру қажет.
Жалпы облыс бойынша 40-тан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың құны – 2 трлн теңгеден асады. Оның 11-і жыл соңына дейін тапсырылады. Жаңа жобалар да бар. Мысалы, Саран қаласында автобустар мен арнайы техника өндірісі. Бұл жоба Yutong қытайлық компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Саран – моноқалалардың бірі. Болашақта мұнда да әртараптандыру қажет болады. Саран қаласындағы екінші жоба –автомобиль шиналарын шығару. Ол ресейлік «Татнефть» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Біз бұл жобаларды қолдаймыз және болашақта олар қаланы өзгертеді деп үміттенеміз. Қарағандыда да жаңа зауыттар пайда болуда - мысалы, ферроқорытпа және т.б. Сондықтан, егер бізде осындай жобалар көп болса, біз тек екі кәсіпорынға ғана тәуелді болмаймыз деп санаймын.
- Демек, кезең-кезеңмен жұмыссыздық мәселесі де шешімін табады, солай ма?
- Әрине. Біріншіден, жаңа жобаларды іске асыру жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл, жоғарыда айтқанымдай, әртараптандыру.
- Облыста жұмыссыздар саны қанша және оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету үшін не істелуде?
- Статистикаға сәйкес, облыста жұмыссыздық деңгейі 4,5% құрайды. Бұл Қазақстан бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі. Бірақ пандемия кезінде жұмыссыздық мәселесіне ерекше назар аудару керек. Сондықтан біз осы бағыттағы жұмысты күшейтеміз. Жұмыс орындарын құрудамыз. Ең бастысы, олар тұрақты болуы тиіс.
- Қарағанды өңірінің тұрғындары үшін тағы бір өзекті мәселе: облыста тұрғын үйлер мен жер телімдері қаншалықты әділетті берілуде?
- Әрине. Интернет ғасырында басқаша болуы мүмкін емес. Мысалы, сіз жерге немесе тұрғын үйге кезекте тұрасыз, интернет арқылы өз нөміріңізді, алдыңызда қанша адам тұрғанын біле аласыз. Кезектің соңында тұрған адам пәтерді немесе жер учаскесін заңсыз ала алмайды. 34 мың отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың жартысы – қалада, қалғандары – өңірлерде. Осы жылдың 10 айында кезек 6 пайызға төмендеді. Жыл сайын біз көп балалы отбасыларға және мұқтаж жандарға «Нұрлы жол» бойынша 2 мыңнан астам пәтер береміз. Жыл соңына дейін 2 600 пәтер бөлінеді. Оның 650-і көпбалалы отбасыларға беріледі.
Жалпы, біз тұрғын үй құрылысының көлемін арттырдық. 2021 жылы Қарағандыда өткен жылмен салыстырғанда қосымша 100 мың шаршы метр пайдалануға беріледі.
ЖТҚ үшін учаскелерді алу кезегінде 21 мыңнан астам адам тұр. Соңғы жылдары учаскелер берілмеді. Оған инфрақұрылымның (жолдар, электрмен және сумен жабдықтау және т.б.)болмауы себеп болды. Алдымен инфрақұрылымды өткізіп, содан кейін ғана жерді беру керек. Келесі жылдың соңына дейін бұл жағдай өзгереді деп жоспарлап отырмыз.
- Қарағанды облысы өзінің туристік нысандарымен танымал. Балқаш, Ұлытау аудандары бар. Бірақ, өкінішке орай, аймақ тұрғындары мен туристер межелі жерге жету қиын екенін айтады. Біз туристік нысандарымызды қашан көрсете аламыз? Бұл инфрақұрылымның дамуына қатысты сұрақ.
- Жалпы Балқаш, Ұлытау және Қарқаралы аудандары бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қарағанды-Балқаш жолында күрделі жөндеу өткен жылы басталды, егер бәрі жоспар бойынша жүретін болса, келесі жылдың соңына қарай аяқталады. Бірінші санаттағы төрт жолақты автожол болады. Сондай-ақ Балқаш пен Алматы арасында да бірінші санаттағы жол болмақ. Бұл жобаға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауапты.
Балқаштың туристік әлеуетін арттыруға арналған қосымша жобаларға келетін болсақ, бұл әуежай, өткен жылы толық жөндеуден өткен ұшу-қону жолағы. Келесі жылдың соңына дейін перрон мен аэровокзалды ретке келтіруді жоспарлап отырмыз.
Ұлытау бойынша: Жезқазғаннан Ұлытауға Сәтбаев арқылы өтетін жол жөнделуде. Жошы хан кесенесінің жанында туристік орталық салынуда. Нысанды келесі жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жезқазған мен Сәтбаев арасындағы жол жаман емес. Сондықтан бірінші кезекте кесенеге дейінгі жолды жөндейміз. Жұмыс көп. Президенттің тапсырмасы бойынша алдағы екі-үш жыл ішінде Қарағанды мен Жезқазған арасындағы жол міндетті түрде жөнделуі тиіс.
- Қарағанды облысының, атап айтқанда, Теміртау қаласының экологиясы туралы мәселе бұрыннан көтеріліп келеді. Теміртаулықтар таза ауамен қашан дем ала алады?
- Бұл мәселе тек Теміртауға ғана қатысты емес. Ол металлургиялық зауыттар орналасқан үш қалада да өзекті. Бұл Жезқазған, Балқаш және Теміртау. Үш жыл бұрын, елбасының тапсырмасына сәйкес, біз экология министрлігімен, «АМТ» және «Қазақмыс»-пен бірлесіп келісімге келіп, арнайы Жол картасына қол қойдық. Бұл екі ірі кәсіпорын өндіріс процесіне жаңа технологияларды енгізуде. Инвестиция салады. Экологиялық жағынан бұл өте тиімді шаралар. Алдағы төрт жылда атмосфераға шығарындылар 30%-ға азаюы тиіс. Олар осы көрсеткішке жетуге міндеттенді.
- Қарағанды облысының тарихында сіз оныншы әкімсіз. Лауазымнан абыроймен кету деген түсінік бар. Кез-келген қызмет мәңгілік емес, ертең сіз жұмысыңызды өзгерте аласыз. Қарағандылықтар «Бұны Жеңіс Қасымбек салған» әлде «Жеңіс Қасымбек жасаған» деп сіздің қандай еңбектеріңіз туралы таңдана айта алады деп ойлайсыз?
- Мен өзіме баға бере алмаймын. Мұны басқа адамдар - облыс тұрғындары немесе басшылық жасауы керек. Бірақ мен адал жұмыс істеймін деп айта аламын. Басқа қосып айтарым жоқ.
- Сіз Facebook-тің белсенді пайдаланушысысыз. Менің бақылауларым бойынша, әрқашан байланыстасыз. Парақшаңызды өзіңіз жүргізесіз бе?
- Түскі үзіліс пен жұмыстан кейін кешке мен Facebook-ке уақыт бөлемін. Маған баспасөз қызметім де көмектеседі. Жасырмаймын: күндіз-түні әлеуметтік желілерде отыруға мүмкіндігім жоқ. Бірақ мен аккаунттарға өзім жазыламын, посттарға арналған идеялар да толығымен менікі.