
Мектептердің бастауыш сыныптарында енді бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) өткізілмейді. Ендігі басымдық баланы жиі бағалауға емес, оның оқу материалын терең түсініп, алған білімін іс жүзінде қолдануына қажетті жағдай қалыптастыруға беріледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрінің вице-министрі Шынар Ақпарова тамыз конференциясында білім беру жүйесіндегі бірқатар жаңашылдықтарды таныстыра отырып мәлімдеді.

5–9-сыныптарда іргелі пәндерді тереңдетіп оқытуға баса мән беріледі. Ал 8–9-сыныптарда «Қазақстан географиясы» пәнін аптасына екі сағат оқыту жоспарланған. Жоғары сыныптарда барлық негізгі пәндерді міндетті түрде оқыту заңнамалық тұрғыда бекітіледі. Осыған байланысты қысқартылған үлгілік оқу жоспарларынан бас тартылады.

Тәрбие жұмысының мазмұнында құқықтық сауаттылықты арттыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Жаңа оқу жылынан бастап 5–7-сыныптарда «Конституция негіздері», ал 8–11-сыныптарда «Заң және тәртіп» міндетті курстары енгізіледі. Сонымен бірге «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны жаңартылады.
Бұдан бөлек, экологиялық ағарту бойынша бірыңғай стандарт әзірленеді. Мектептерде экологиялық тәрбие берудің жаңа тәсілдері енгізіліп, оның аясында «Жасыл мектеп» жобасы жүзеге асырылады.
Әскери-патриоттық тәрбие жүйесі де жаңарады. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап барлық клубтар, үйірмелер мен әскери-патриоттық сыныптар «Жас айбын» бірыңғай мәртебесімен біріктіріледі. Жоба қатысушылары үшін келісімшарт бойынша әскери қызметке және әскери оқу орындарына түсу кезінде ынталандыру шаралары қарастырылған.
Жалпы, аталған өзгерістердің барлығы білімге ұмтылатын, заңды құрметтейтін, өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын және еңбек етуге дайын жас азаматты қалыптастыруға бағытталған.
— Жаңа оқу жылы білім беру жүйесінің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Дегенмен біздің басты қағидатымыз өзгермейді: кез келген шешімнің өзегінде бала тұруы керек, ал сапалы білім берудің негізі — мұғалім, — деді вице-министр.

о-министр.