Қарағанды облысы әкімдігінде құрылысшылар марапатталды

Қарағанды облысы әкімдігінде құрылысшылар марапатталды

Қарағанды облысында құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Биыл өңірде 600 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Кәсіби мереке қарсаңында облыс әкімдігінде құрылысшыларды құттықтап, олардың еңбегіне алғыс білдірді.

– Сіздер өңіріміздің тұрақты дамуына, экономикалық әлеуетінің нығаюына және тұрғындардың әл-ауқатының артуына зор үлес қосып келесіздер. Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында үш жыл ішінде 98 медициналық нысан пайдалануға берілді. Қарағанды қаласының Майқұдық ауданында заманауи Шығармашылықты дамыту орталығының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар №3 көпбейінді аурухананың онкологиялық корпусының жапсаржайы салынуда. Жақын арада заманауи перинаталдық орталықтың құрылысын бастаймыз. Бұған қоса, жаңа спорт стадионына арналған инфрақұрылым жобалануда. Бұл жоба бірнеше ірі нысанды қамтиды және облыстағы ең ауқымды құрылысқа айналады, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов.

Ол сала қызметкерлерінің бірқатарына облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыстады. Марапатталғандардың қатарында тәжірибелі басшылар да, жас мамандар да бар. Олардың барлығын құрылыс ісіне деген адалдық пен өңірдің дамуына қосқан үлесі біріктіреді.

Азамат Төребеков құрылыс саласында 30 жылға жуық еңбек етіп келеді. Ол Балқашта тұрғын үйлер мен коммуналдық инфрақұрылым нысандарын салып жатқан кәсіпорынды басқарады.

Айдос Бекмағанбет заңгер мамандығын құрылыс саласына ауыстырған. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы ретінде бастап, бүгінде Қарағандыда жаңа көпқабатты тұрғын үйлер салып жатқан құрылыс компаниясының басшысына дейін көтерілді.

Ол құрылысшы мамандығы ең сұранысқа ие әрі ең құрметті кәсіптердің бірі екеніне сенімді және жастарды осы жолды таңдауға шақырады.

– Құрылыс саласы қарқынды дамып келеді, оның болашағы зор. Бұл – ел игілігі үшін еңбек етіп, өзінен кейін нақты нәтиже қалдырғысы келетін жандарға арналған мамандық, – дейді Айдос Бекмағанбет.

Маржан Жүкенова құрылысшы мамандығын туған-туыстарының кеңесімен таңдап, бұл шешіміне еш өкінбеген. Қазір ол мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бөлімін басқарады.

– Құрылыс саласы өте көпқырлы болғандықтан, мұнда жұмыс істеу әрдайым қызықты. Біздің бағыт үлкен жауапкершілікті талап етеді: облыс аумағындағы барлық құрылыс нысандарының жүргізілуін бақылап отырамыз. Жаңа Құрылыс кодексінің қабылдануына байланысты мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органдарының өкілеттігі кеңейді, – деді Маржан Жүкенова.