
Қарағанды облысында шалғай елді мекендерге апаратын автожолдарды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұқар жырау ауданының Суықсу ауылына дейін асфальт жол төселді. Жергілікті тұрғындар үшін бұл тек жаңа жол ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін нарыққа жедел жеткізуге, шаруашылықтарды дамытуға және көлік шығындарын азайтуға жол ашатын маңызды инфрақұрылымдық жоба.

Суықсу – тіршілігін жермен байланыстырған еңбекқор жұрт мекендеген ауыл. Мұнда мал шаруашылығы дамып, ет, сүт өнімдері мен қымыз өндіріледі. Алайда ұзақ жылдар бойы Қарағанды қаласына өнім жеткізудегі басты кедергі жолдың сапасы болды. Топырақ жолмен қатынау тұрғындарға оңайға соқпады: көліктер жиі бұзылып, жолға кететін уақыт ұзарып, техниканы жөндеуге жұмсалатын шығын жылдан-жылға көбейіп отырды.
Ауыл тұрғындары бұл мәселені облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың жеке қабылдауында көтерді. Өтініштен кейін аталған жолды орташа жөндеу бағдарламасына енгізу туралы шешім қабылданды. Жұмыстарды Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұйымдастырды.

Жолдың жаңаруы әсіресе шаруалар үшін маңызды болды. Суықсу ауылындағы шаруа қожалығының иесі Хамит Қамбарұлының айтуынша, жаңа жолдың салынуы шаруашылықты кеңейтуге деген сенімді арттырған.
— Ауылымызда бұрын-соңды асфальт жол болған емес. Қалаға қатынау өте қиын еді, көліктер жиі істен шығатын. Жол жөнделетінін естіген соң мемлекеттік бағдарлама арқылы жаңа трактор сатып алдым. Енді шаруашылығымды кеңейтуді жоспарлап отырмын. Бұрын жолдың нашарлығынан техникаға қаржы салуға жүрексінетінбіз, өйткені оның пайдасынан шығыны көп болатын, — дейді ол.
2026 жылы облыстық маңызы бар Қарағанды – Калинино – Ақбастау – Суықсу автомобиль жолы орташа жөндеуден өтетін нысандар тізіміне енгізілді. Жоба аясында жалпы ұзындығы 9 шақырым болатын екі учаске жаңартылады. Оның 4 шақырымы республикалық автожолдан Ақбастау кентіне дейінгі аралықты, ал тағы 5 шақырымы Ақбастаудан Суықсу бағытына дейінгі бөлікті қамтиды.

Нысанда жол төсеміндегі ақауларды жою, жаңа асфальт-бетон жабынын төсеу, жол жиектерін нығайту, су өткізу құбырларын жөндеу, жол белгілерін орнату және жол таңбаларын салу сияқты кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда Ақбастау мен Суықсу арасындағы бес шақырымдық учаскеге асфальт төсеу толық аяқталды. Мамандар қазір су өткізу құбырларын жөндеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Жалпы биыл Қарағанды облысында республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының шамамен 500 шақырымы жаңартылуда. Сонымен қатар көпірлерге жөндеу жүргізіліп, қала және аудан көшелерінде де жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жалғасуда.