
Балқашта демалысты жоспарлау енді бұрынғыдан да оңай әрі қолжетімді бола түсті. Қаланың жас тұрғындары Ринат Қуанышұлы мен Ерсұлтан Төкен Балқаш өңіріндегі демалыс орындарын, сондай-ақ пәтерлер мен жеке үйлерді жалға беру жөніндегі ұсыныстарды бір арнаға тоғыстырған rentbalkhash.kz онлайн-платформасын әзірледі.

Жаңа сервистің басты артықшылығы – қарапайым әрі ыңғайлы интерфейсі. Демалысқа қажетті барлық ақпарат бір платформада жинақталған. Енді пайдаланушыларға қолайлы орын іздеп, бірнеше сайтты ақтарудың қажеті жоқ. Платформаға кіріп, ұсыныстарды салыстырып, тұру шарттарымен танысып, өзіне лайықты нұсқаны оңай таңдауға болады. Бұл отбасылық немесе достармен бірге ұйымдастырылатын демалысты жоспарлауды әлдеқайда жеңіл әрі тиімді етеді.

Ерсұлтан Төкен мен Ринат Қуанышұлының достығы студенттік кезден бастау алады. Екеуі де «Қазақмыс» корпорациясының Политехникалық колледжінде білім алып, техник-бағдарламашы мамандығын игерген. Балқаштағы демалыс инфрақұрылымын бір жүйеге біріктіретін онлайн-сервис құру идеясы оларда 2024 жылы дипломдық жұмыс әзірлеу барысында пайда болған.
Сол кезде жастар платформаның алғашқы прототипін жасап шыққанымен, жоба әлі де елеулі жетілдіруді қажет етті. Екі жылдан кейін олар өз идеясына қайта оралып, оны жан-жақты жетілдіріп, биыл көктемде сервистің толыққанды нұсқасын пайдалануға ұсынды.

— Алғашқы нұсқа тек сынақ ретінде әзірленген прототип еді, көптеген тұсы жетілмеген болатын. Қазір сайтта Балқаш өңіріндегі демалыс орындарының басым бөлігі ұсынылған. Олардың тоғызымен серіктестік орнаттық. Сонымен қатар пәтерлер мен жеке үйлерді жалға беру жөніндегі хабарландырулар да жарияланған. Алдағы уақытта серіктестер қатарын көбейтіп, бұл платформаны Балқашқа демалуға келетін әрбір туристің басты онлайн-көмекшісіне айналдыруды көздеп отырмыз, — дейді сервис авторларының бірі Ерсұлтан Төкен.
Платформа компьютерлерде де, смартфондарда да бірдей тиімді жұмыс істейді. Соның арқасында пайдаланушылар демалысқа қолайлы орынды кез келген уақытта жылдам тауып, қажетті ақпаратқа еш қиындықсыз қол жеткізе алады.

Іске қосылғанына бірнеше ай ғана болғанына қарамастан, rentbalkhash.kz Балқашқа сапар жоспарлаған туристер арасында кеңінен сұранысқа ие бола бастады. Жоба авторлары сервисті одан әрі жетілдіруді жалғастырып, демалыс орындарының дерекқорын кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктер енгізуді жоспарлап отыр. Негізгі мақсат – Балқаштағы демалысты ұйымдастыруды барынша ыңғайлы, заманауи әрі қолжетімді ету.