Қарағанды облысында Приозёрск қаласының 70 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті

Қарағанды облысында Приозёрск қаласының 70 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті

Приозёрск қаласы өзінің 70 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. 1956 жылы әскери сынақ полигонының орталығы ретінде іргесі қаланған шаһар бүгінде баршаға есігін айқара ашқан, туризмді дамытуға басымдық берген келешегі кемел қалалардың біріне айналып келеді. Мерейтойлық мерекеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден арнайы келген қонақтар қатысты. Екі күнге созылған мерекелік бағдарламаны тамашалауға 20 мыңнан астам адам жиналды.

Мерейтойлық іс-шаралар қала тұрғындарының барлық буынын бір арнаға тоғыстырды. Қала көшелерімен «Біз біргеміз» атты мерекелік шеру өтіп, спорттық жарыстар, ұлттық ойындар, театрландырылған қойылымдар мен еліміздің танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттер ұйымдастырылды. 

Қазақы қонақжайлықтың жарқын көрінісіне айналған «Bauyrsaq Party» акциясы аясында мереке қонақтарына 700 келі бауырсақ ұсынылды.

Мереке аясында өз еңбегімен, белсенділігімен және бастамаларымен қаланың өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға ерекше құрмет көрсетілді.

Салтанатты рәсімде жастар сыйлықтары мен әкім гранттары табысталып, үздік жас мамандар, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ «Приозёрск қаласының Құрметті азаматы» атағына ие болған азаматтардың есімдері жарияланды.

— Бұл – біз үшін ерекше толқынысқа толы сәт. Балаларымыздың болашағын осы қаламен байланыстырамыз. Приозёрск жыл өткен сайын көркейіп, қарқынды дамып келеді. Осындай игі өзгерістердің алдағы уақытта да жалғаса беруін тілейміз, — деді «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы Лариса Артыгалеева.

Қаланың 70 жылдық мерейтойына орай Приозёрск туралы өлкетану жинағы жарық көрді. Басылымда қаланың және әскери сынақ полигонының қалыптасу тарихы, мұрағат құжаттары, сирек фотосуреттер мен жерлестер туралы естеліктер топтастырылған. Сонымен қатар жинаққа енгізілген QR-кодтар арқылы оқырмандар қала тарихына қатысты электрондық материалдарға қол жеткізе алады.

Мерейтой қаланың бүгінгі жетістіктерін қорытындылап, оның даму бағытын таныстыруға да мүмкіндік берді. Приозёрскіде шағын және орта кәсіпкерлікке жүйелі қолдау көрсетіліп, жаңа жобалар жүзеге асырылуда, жас кәсіпкерлер гранттарға ие болуда. Тұрғын үй қорын жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр: ескі көпқабатты үйлер жөнделіп, 24 пәтерлі жаңа тұрғын үй пайдалануға беруге дайындалуда.

Қаланы туристер үшін тартымды етуге де ерекше көңіл бөлінуде. Балқаш көлінің жағалауында қоғамдық кеңістіктер абаттандырылып, жаңа саябақ бой көтеруде, демалыс орындары мен қонақ үйлер ашылып жатыр. Биыл Приозёрск 30 мыңнан астам турист қабылдауды жоспарлап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш.

— Приозёрск жаңа жобалар мен инвестициялар үшін ашық. Қалаға келетін туристер саны жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан тұрғындар мен қонақтарға жайлы әрі қолайлы жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Инвесторларға жер телімдерін ұсынып, инженерлік инфрақұрылымды жүргізуге қолдау көрсетуге және бизнес-жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде жан-жақты сүйемелдеуге дайынбыз, — деді қала әкімі Мансұр Ахметов.

Мерейтойлық салтанат гала-концертпен түйінделіп, мерекелік отшашумен аяқталды.