Қарағандыда Тәттімбет – Мұқанов жолайрығының жаңартылған бөлігі ашылуға дайындалуда

Қарағандыда Тәттімбет – Мұқанов жолайрығының жаңартылған бөлігі ашылуға дайындалуда

Қарағандыда қалалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Биыл қалада 85 шақырымнан астам автомобиль жолы салынып, қайта жаңғыртылып, жөнделуде. Ең ауқымды жобалардың бірі – Оңтүстік-Шығыс шағынауданы мен Майқұдықты байланыстыратын жаңа магистраль. Ол көлік ағынын едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Жұмыс сапасы мен құрылыс барысын жұмыс сапары барысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тексерді.

Негізгі нысандардың бірі – Тәттімбет пен Мұқанов көшелерінің қиылысындағы жолайрығы. Мұнда нөсерлі кәріз жүйесіне қатысты мәселе толық шешіліп, қозғалыс жолақтарының саны көбейтілді, қосымша ауыспа жол мен солға бұрылу жолақтары салынды. Бағдаршам орнату жұмыстары аяқталғаннан кейін жаңартылған жолайрықтағы қозғалысты жақын арада ашу жоспарланып отыр.

– Барлық учаскеде заманауи материалдар қолданылып, сапаны бақылаудың бес сатылы жүйесі жұмыс істейді. Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, сондықтан барлық нысан тұрақты бақылауда, – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов.

Сонымен қатар Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты жалғайтын жолдың келесі учаскесінің құрылысы жалғасуда. Оның ұзындығы шамамен 6 шақырымды құрайды. Бүгінгі күні 800 метр жолға асфальт төселген. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр.

Жоба аясында төрт жолақты қозғалыс қарастырылған. Сондай-ақ 15 су өткізгіш құбыр орнатылып, жартасты топырақты қазу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. 

Жолдың үстіңгі қабаты тозуға төзімділігі жоғары қиыршықтас-мастикалы асфальтбетоннан төселеді. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін мердігер ұйым бес жылдық кепілдік міндеттемесін өз мойнына алады.

Жұмыс сапары барысында Ермағанбет Бөлекпаев Спасск тасжолындағы жөндеу жұмыстарымен де танысты. Мұнда жол жабынын жаңартумен қатар велосипед жолы салынып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

– Алматы жағынан қалаға кіреберісте жол жиектерін орнату және велосипед жолдарын салу арқылы ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тұрғындардың экологиялық таза көлік түрін жайлы пайдалануына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл жүйені дамытамыз. Тағы бір ірі жоба – Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты байланыстырып, көлік ағынын азайтатын жаңа магистраль. Біз болашақ жолдың бүкіл бағытын аралап шықтық. Жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр, қазір асфальт төсеуге дайындық жүріп жатыр, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына қарай нормативтік талаптарға сай келетін жолдардың үлесі 87 пайызға жетеді деп күтілуде. 

Жол желісін дамыту мұнымен шектелмейді. Алдағы жоспарларда жаңа жобалар, соның ішінде қаланың салынып жатқан шағынаудандарында қолайлы кварталішілік жолдар салу көзделген.