Қарағанды қаласының орталығындағы жылу магистралін жаңғырту биыл аяқталады

Қарағанды қаласының орталығындағы жылу магистралін жаңғырту биыл аяқталады

Қарағанды облысында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Биыл Қарағанды қаласының орталығындағы негізгі жылу құбыры толықтай жаңартылады. Сонымен қатар жарты ғасырға жуық уақыт бұрын пайдалануға берілген тағы бір жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев негізгі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Жауынгер-интернационалистер көшесінің бойындағы, Орталық саябақ маңынан өтетін М-2 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары екінші жыл қатарынан жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін жалпы ұзындығы 3,1 шақырым болатын құбыр желісінің бір бөлігі жаңартылды. Биыл жобаны толық аяқтау жоспарланған. Бұл жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға қосымша мүмкіндік береді.

Облыс әкіміне берілген мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта монолитті құрылымдарды бөлшектеу жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Өткізу қабілетін арттыру мақсатында диаметрі үлкейтілген жаңа құбырлар төселуде. Нысанда 120-ға жуық жұмысшы еңбек етіп, 23 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.

Көгілдір тоғандар шағынауданынан ХМК бағытына дейінгі М-3 жылу магистралін жаңғырту қажеттілігі бұрыннан туындаған. Тозу деңгейі 70 пайызға жеткен құбыр желісі заманауи инженерлік жүйелермен алмастырылып, жер астына көшіріледі. Жоба Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылып жатыр.

Қайта жаңғырту жұмыстары екі жылға жоспарланған. Биыл 1,5 шақырым желі жаңартылса, 2027 жылы қалған 900 метр қайта салынады.

Қазіргі уақытта магистральдің төрт тармағында бір мезгілде жұмыстар жүргізілуде. Құрылыста отандық өндірістің заманауи материалдары пайдаланылуда. Пенополиуретанмен оқшауланған алдын ала оқшауланған құбырлар ұзақ мерзім қызмет етіп, жылу шығынын едәуір азайтады. Нысанда жүзге жуық жұмысшы еңбек етіп, 29 бірлік арнайы техника жұмыс істеуде.

Жоба толық аяқталғаннан кейін жылу энергиясының шығыны мен апаттық жағдайлар саны қысқарып, тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету жүйесінің сенімділігі едәуір артады.

– Үкіметтің тапсырмасына сәйкес елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің облыста да қарқынды жүргізілуде. Бүгін Қарағанды қаласының жылу желілерін жаңғырту барысымен таныстық. Бұл – өте өзекті мәселе. Өйткені қаладағы инженерлік желілердің басым бөлігі өткен ғасырдың 70–80-жылдары салынған және бүгінде толық жаңартуды қажет етеді. М-3 жылу магистралінде жаңа үлгідегі заманауи құбырлар төселуде. Бұдан бөлек, қайта жаңғырту аясында қоректендіруші құбырлардың бірінің диаметрі 800 миллиметрден 1000 миллиметрге дейін ұлғайтылады. Бұл қарқынды дамып келе жатқан қаланы алдағы ұзақ жылдар бойы тұрақты әрі сенімді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.