Тамыз сергек жаттығумен басталады: Қарағандыда «Заң және Тәртіп» спорттық челленджі өтеді

Тамыз сергек жаттығумен басталады: Қарағандыда «Заң және Тәртіп» спорттық челленджі өтеді

Қарағандыда «Заң және Тәртіп» спорттық челленджі бастау алады. Тамыз айы бойы қала тұрғындарына күнді танымал спортшылар мен кәсіби жаттықтырушылардың жетекшілігімен таңғы жаттығудан бастау ұсынылады.

Бұқаралық таңғы жаттығуларды Қарағанды қаласының әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырып отыр. Іс-шара Теміртаудан эстафета ретінде қабылданған «Заң және Тәртіп» челленджі аясында өткізіледі.

Жаттығулар күн сайын сағат 08:00-де басталады. Ұйымдастырушылар апта сайын жаңа алаңды белгілеп, бұл туралы тұрғындарға алдын ала хабарлап отырады. Алғашқы аптадағы жаттығулар Орталық саябақтағы стационарлық сахнада өтеді.

Спорттық жаттығулар қатысушылардың кең ауқымына арналған. Жасына және дене дайындығының деңгейіне қарамастан, барлық ниет білдіруші челленджге қатыса алады.

– Жаттығулар таңғы сағат сегізде басталып, шамамен 30–40 минутқа созылады. Алғашқы аптада оларды Орталық саябақтағы стационарлық сахнада өткізуді жоспарлап отырмыз. Барша қала тұрғындарын «Заң және Тәртіп» челленджіне қосылып, қаланың спорттық өміріне қолдау көрсетуге, сергектік қуатын сезініп, салауатты өмір салтына тағы бір қадам жасауға шақырамыз, – деді Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің дене шынықтыру және спорт секторының меңгерушісі Берік Досымбеков.

Жаттығулардың кестесі, өтетін орындары және бағдарламасына енгізілуі мүмкін өзгерістер туралы өзекті ақпарат @park.krg Instagram парақшасында жарияланып отырады.