Балқашта жаңа мыс балқыту зауыты салынады

Балқашта жаңа мыс балқыту зауыты салынады

Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша Балқаш қаласында жаңа заманауи мыс балқыту зауыты салынады. Бұл жоба отандық металлургия саласындағы ең ірі жобалардың біріне айналмақ.

Үкімет Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Qazaq Smelter компаниясы арасындағы инвестициялық келісімді бекітті. Зауыт құрылысына 750 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тарту жоспарланған. Құрылыс жұмыстары 2027 жылы басталып, өндіріс 2030 жылы іске қосылады.

Кәсіпорын жыл сайын 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 миллион тоннадан астам күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы болады.

Жаңа зауытта шамамен 1200 тұрақты жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын іске қосылған кезде қызметкерлердің, оның ішінде басшылық құрамның 90 пайызын қазақстандық мамандар құрайды. Алдағы бес жыл ішінде бұл көрсеткішті 95 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар инвестор Қарағанды облысындағы оқу орындарында 50 студенттің білім алуын қаржыландырады.

Кәсіпорынның іске қосылуы еліміздегі мыс өндірісінің көлемін жылына 800 мың тоннадан астам деңгейге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал жоғары қосылған құны бар өнім экспортының көлемі жыл сайын 460 мың тоннадан 760 мың тоннаға дейін өседі.

Өндіріс заманауи технологиялармен және цифрлық жүйелермен жабдықталады. Бұл өндірістік үдерістердің тиімділігін арттырып, олардың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Катодты мыс – өнеркәсіп үшін стратегиялық маңызы жоғары шикізат. Ол кабельдер, электр жабдықтары, құбырлар, құрылыс материалдары, автокөлік бөлшектері, сондай-ақ қола, жез және басқа да мыс қорытпаларын өндіруде кеңінен қолданылады.

primeminister.kz