
Таиландтың Бангкок қаласында өткен жас ерекшелік топтары арасындағы су спорты түрлерінен XII Азия чемпионатында Қазақстанның көркем жүзуден ұлттық құрамасы тамаша нәтиже көрсетті. Қарағанды облысының спортшылары ұлттық құрама қоржынына ең көп жүлде салып, командалық жалпы есепте жеңіске жетуіне шешуші үлес қосты.

Қарағанды облыстық олимпиадалық резервтегі жүзу мектебінің, жоғары спорт шеберлігі мектебінің және Әлия Молдағұлова атындағы мектеп-интернат-колледжінің спортшылары 35 медаль жеңіп алып, нағыз рекорд орнатты. Оның ішінде 25 алтын, 9 күміс және 1 қола медаль бар. Әсіресе бұл жетістік жасөспірімдер құрамасы үшін ерекше маңызды. Өйткені қазақстандық спортшылар бұған дейін Азия чемпионаттарында мұндай нәтижеге қол жеткізген емес.

Құрлық біріншілігінің чемпиондары мен жүлдегерлері қатарында Виктор Друзин, Даяна Жаманшалова, София Ищенко, Полина Мерзлякова, Анастасия Воронкова, Құралай Шәріпова, Даниял Сырлыбаев, Юлия Мишиева, Айсана Бұрамбек, Адия Жампейісова, Ева Лавренко, Милана Ашаханова, Артём Томчишин, Асия Түсіпова, Жансая Шәукенова және Алиса Таранова бар.

Спортшыларды Елена Котова, Оксана Москвичёва және Мария Белозёрова дайындады.

— Біз дәстүр бойынша үш жас санатында өнер көрсеттік. Алайда Азия чемпионатына қатысқан барлық жылдар ішінде алғаш рет үш санаттың да спортшылары осындай жоғары нәтиже көрсетті. Әсіресе 12 жасқа дейінгі жас санатындағы дуэтті ерекше атап өткім келеді. Олардың бағдарламасы қарсыластарымен салыстырғанда сәл жеңілдеу болғанымен, мінсіз орындауының арқасында төрешілер бұл өнер көрсетуді Азия чемпионатындағы барлық дуэттер арасындағы үздік нәтиже деп таныды. Сондай-ақ 13–15 жас аралығындағы спортшылар командасы да жоғары бағаланды. Бұл жетістікте бапкер Оксана Москвичёвадың еңбегі зор, — деді Қарағанды облысының көркем жүзуден жаттықтырушысы Елена Котова.

Оның айтуынша, Азия құрлығында бәсекелестік жыл сайын артып келеді. Бұл медальдар спортшылардың орасан еңбегі мен табандылығының нәтижесі.

Тамыз айында жасөспірімдер әлем чемпионатына аттанады. Одан кейін Азия ойындарына дайындық басталады. Ұлттық құрама сапында бұл додаға Виктор Друзин мен Даяна Жаманшалова дайындалады.

Чемпионатта ерекшеленген спортшылардың бірі — Теміртау қаласының 12 жастағы тұрғыны Даниял Сырлыбаев. Ол көркем жүзумен төрт жылдан бері айналысып келеді. Жас спортшы чемпионатқа дайындықтың оңай болмағанын айтады.
— Жаз бойы дерлік жаттығу жасадым. Өте қиын болды, бірақ еңбегім зая кетпеді деп ойлаймын. Бұл медальға қатты қуаныштымын. Қазақстан құрамасына еніп, халықаралық жарыстарда еліміздің намысын қорғағым келеді, — дейді Даниял.

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша