Қарағандының шекарасы кеңейеді: Көкпекті стансасы толықтай қала құрамына енгізіледі

Қарағандының шекарасы кеңейеді: Көкпекті стансасы толықтай қала құрамына енгізіледі

Қазақстан Республикасының Үкіметі Қарағанды қаласының әкімшілік шекарасын өзгерту туралы шешімді мақұлдады. Соған сәйкес облыс орталығының құрамына Бұқар жырау ауданынан жалпы аумағы 281 гектар жер учаскесі қосылады.

Көкпекті стансасының (бұрынғы Солонички) тұрғындары елді мекенді толықтай Қарағанды қаласының қарамағына беруді көптен бері сұрап келген. Бұған дейін тұрғын үйлер Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан атындағы ауданына қараса, қалған жер аумағы Бұқар жырау ауданының құрамында болған. Көкпекті стансасында 500 адам тұрады, 120 аула мен мектеп бар.

Қала аумағын кеңейту Қарағандының одан әрі дамуына қолайлы жағдай жасауға, аумақты тиімді жоспарлауға және әлеуетті инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталған.

Әкімшілік шекараның өзгеруі қалалық ортаны кешенді дамытуға мүмкіндік беріп, жаңа нысандар салуға, сондай-ақ инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамытуға жол ашады.